Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазақстандық дінтанушы Түркияда дәріс береді (ФОТО)

kazislam.kz 06.11.2017 3940 0 пікір
Қазақстандық дінтанушы Түркияда дәріс береді (ФОТО)

Ислам білімі бойынша беделді оқу орындарының көш басында Египет, Түркия секілді елдердің діни университеттері бар. Осындай білім мекемесінің бірі әрі бірегейі – Түркияның солтүстігінде Кастамону университеті.

Кастамону университеті – бұл әрбір білімге құштар жастардың оқу орны. 2006 жылы 1 наурызда іргетасы қаланған университетте 13 факультет, 2 институт, 3 колледж, 13 кәсіптік колледж және 19 ғылыми зерттеу орындары бар. Бұған қоса, АҚШ, Аргентина, Португалия, Филиппин, Индонезия және Малайзия сияқты 75 мемлекетпен екі жақты келісімдері бар. Сондай-ақ, университеттің кадрлық құрамы уақыт өте сапалы білім беретін академиялық қызметкерлермен толысып келеді. Оқу орнында діни білім беру ісіне үлес қосушы ғалымдардың алғашқылар қатарында Қазақстан елінен белгілі дінтанушы, философия ғылымының кандидаты Жалғас Сандыбаев бар.

Қазақстандық ғалым сабақ беретін «Кастамону» университеті Илахият факультетінің магистратурасында 200 магистрант, бакалавр бөлімінде 1060 студент білім алады. Ж.Садуахасұлы білім беру үдерісі мен факультеттің тарихына қысқаша тоқтала өтті. «Кастамону университеті мемлекеттік болып танылады. Мұнда білім бағдары мен жүйесіне ерекше назар аударылады. Теология факультеті 2012 жылы 10 қаңтарда ашылды. Факультетті ашудағы басты мақсат – ұлттық және діни дәстүрлерді жалғастыра отырып, классикалық діни ресурстарды академиялық өлшемдерге сәйкестендіру. Сондай-ақ, қазіргі мұсылман әлемінде, діни саладағы кедергілер мен қиындықтарға қарсы тиімді әдіс-тәсіл шығаруға қабілетті ғалымдарды қалыптастыру. Біз де азды-көпті, туған жерімізде және алыс-жақын шетелде алған біліміміз бен тәжірибемізді ұштастыра отырып осыған үлес қоссақ дейміз» дейді ғалым. Ол қазіргі уақытта Илахият факультетінде «Ислам философиясы» және «Араб тілі» пәндерінен түрік және араб тілінде дәріс береді.

Жалғас Сандыбаев – Қазақстандағы діни жоғары білімді әрі білікті мамандар қатарынан. Мемлекеттік халықаралық «Болашақ»  бағдарламасының түлегі. Елуден аса мақалалар мен аударма еңбектері, монография және оқу құралы жарық көрген. Солардың ішінде араб тілінен қазақ тіліне аударылған шоқтығы биік еңбектерін айта өтсек, Ортағасыр мұсылман ойшылдарының араб тіліндегі трактаттары: Әл-Фараби (Музыка туралы үлкен кітап, Кіші силлогизм, Азаматтық саясат, бақытқа жету жайында және т.б.). Ибн Рушд пен Әбу Хамид Ғазалидің ғылыми трактаттарының үзінділері аудармалары, оларға ғылыми сараптамалар, «Таңдамалы сахих хадистер» 1-2 томдар, «Пайғамбардың көркем мінезі», «Құран – жәннат есігі»,  т.б. еңбектері. «Мәдени мұра» мемлекеттік ғылыми бағдарламасының орындаушысы болған. Түркиядағы ғылыми-оқытушылық қызметіне дейін елімізде дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, дәстүрлі ислам және зайырлы қоғам құндылықтарын ұштастыра насихаттауға бағытталған Kazislam.kz ақпараттық-ағартушылық порталының бас редакторы қызметін атқарды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру