«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің ұстазы Диляром Бектаева сауат ашу курсының шәкірттеріне білімнің маңыздылығы турасында уағыз-насихат айтты.
Екі топта дәріс жүргізген ұстаз исламда білімге зор басымдық берілетіндігін, Құранның өзінде білім иесі мен білімсіздің тең емес екендігі білдіріліп, алғашқысының Алла құзырындағы дәрежесі абзал деп айтылатындығын жеткізді. Себебі, ислам тарихында өткен ғасырлардағы, тіпті кейін келе пайда болған адасушы топтардың ағаттығы – ұстазсыз үстіртін ілім алып, дінді келте түсінуінде еді.
Ұстаз діни әрі дүниауи білім алудың маңыздылығы жайлы айтып, ілім үйренушінің ізгілік жолында жүргендігін мына хадиспен сүйіншілеп жеткізді: «Әбу Дарда (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім білім жолына түссе, Алла Тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астарына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ, жеті қабат аспан мен жердегі балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында, шынайы ғалымдар – Пайғамбарлардың (Алланың оларға сәлемі болсын) мұрагерлері. Шынтуайтында, Пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол ілімнен сусындаса, мол несібеге кенелгені».
Ұстаз «Балаларға бір Аллаға сыйынып оқуды» өсиет еткен Ыбырайдың, ғылымнан ғапыл қалмай, ғалымға ұқсап бақ деген Абайдың ғибраттарын тілге тиек етіп, жастарды ілім ізденуге талпындырды. Курс сабақтарына тұрақты әрі толық қатысу керектігін ескертіп, Құран оқуымыз ғана емес, құлшылығымыз да дұрыс болу үшін барлық пәндерді де бірдей меңгеру қажет екендігін ескертті. Соның ішінде, Ислам әдебі, Иман негіздері, Ислам шарттары, т.б. пәндер. Курсқа сонау Ырғыздан келіп қатысып жүрген әжеміз де ұстаздың сөзін қостап, жастарға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) парасатты ғұмырынан оқып-білгендерін әңгімелеп берді.
Бұл жолғы дәріске Темір аудандық «Досжан ишан» мешітінің ұстазы Құмарбек Айнұр да қатысты. Тәжиуд ережесін ғана емес, зағип жандардың зердесін ашып, оларға Құран оқып үйретудің қыр-сырын меңгерген ол тәжірибесімен бөлісті. Қос жанарымыз Тәңір берген теңдессіз нығмет екендігін тілге тиек етіп, шәкірттерді ілім үйренуде ықыласты болуға ынталандырды.

ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
02.11.2017
3696
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру