Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ғалым Имад Мұхаммед Мысырға оралды

"Нұр-Мүбарак" университетінің баспасөз қызметі 30.10.2017 3772 0 пікір
Ғалым Имад Мұхаммед Мысырға оралды

Қазақ жеріне осыдан 3 жыл бұрын тұңғыш рет табан тіреген мысырлық ғалым Имад Мұхамед әл-Бәрғидің өзге әріптестерінен айырмашылығы ол дінге қызметін жыл он екі ай үзбеді. Ия, "Нұр-Мүбарак" университетіне келісімшартпен келетін ғылым докторлары жазғы маусымда әдеттегідей демалысқа еліне оралады.

Ал доктор Имад Мұхамед шәкірттерге білім берумен қатар, әр жұма сайын "Нұр-Мүбарак" мешітінің жамағатына уағызын айтып, табаны күректей 3 жыл қызмет етті. Келісімді уақыт аяқталып, Мысырға жиналған уағызшы ғалымға "Нұр-Мүбарак" университеті мен мешіт басшылығы құрмет көрсетіп, жүрек жарды алғыстарын жаудырды. 

"Сіз туған жеріңіз сонау Мысырдан, отбасыңыздан жырақтап асыл дініміздің жолында таныс та бейтаныс елге келіп қызмет еттіңіз. Шәкірттерге біліміңізді аямай, жұма сайын тура бір уақытта жамағатпен жүздесіп, маңызды уағыздарыңызды айттыңыз. Сіз тек дін жолында ғана емес, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуда орасан үлес қостыңыз!" – деп ректор, профессор Жуда Басюни мырза кезінде өздері таңдаудан өткізіп әкелген ғалымның үмітті ақтағанын айтып алғыс білдірді.

Ал проректор, профессор Шамшәдин Керім мырза: «Қасиетті Құран тіліне сүйсінген алматылықтар сіздің уағызыңыз үшін "Нұр-Мүбарак" мешітін таңдағанына кәміл сенеміз. Өйткені, елімізде жұма сайын тұрақты таза араб тілінде уағыз осы "Нұр-Мүбаракта" ғана айтылатыны белгілі. Сондықтан дін жолындағы, қазақ еліне жасаған қызметіңіз екі дүниеде жемісті болсын», – деп қазақ елінің ыстық ықыласы ретінде университет атынан ұлттық шапан жапты. Ал "Нұр-Мүбарак" мешіті қазақы оюмен көмкерілген естелік сыйлық ұсынды.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, өйткені сыйлық достықты арттырады…» – деген хадистері баршылық. Яғни сый-сыяпат адамдар көңілінде жақсы әсер қалдырар бауырластықтың елшісіндей.

Ғылым докторы Имад Мұхамед те өз кезегінде ризашылығын білдіріп «Қазақ еліндегі бауырлар өз туысымдай болып кетті. Үш жыл қызмет еткен уақыт кеудемде қимастық сезімді қалдырды…», – деп әріптестеріне алғыс айтып, қазақ еліне Алладан сәттілік пен береке тіледі.

«Әл-Азһар» университетінің Ислам мәдениеті және дін насихаты бойынша ұстазы, Мысырдағы «Құран оқу тәсілдерін зерттеу ұйымының» мүшесі, «Әр заман мен мекендердегі Пайғамбарлардың сүннеттерінің уақыт пен орының   маңыздылықтарын» зертеуші ғалымға қазақ еліндегі бауырластары да алғыстарын жаудырып, сәттілік тіледі.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру