Достық үйінде облыстық дін істері басқармасының және БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен 18 қазан – рухани келісім күніне арналған «Рухани келісім – халықтар бірлігіне бастар жол» атты мерекелік шара өтті.
Бұл іс-шараға мемлекеттік мекемелер, діни бірлестіктер, этномәдени орталықтар, үкіметтік емес ұйымдар, облыс, қала имамдары, медресе шәкірттері мен ұстаздары қатысты.
Алдымен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев сөз алып, елімізде Елбасы саясатына сәйкес конфессиялар береке-бірлікте өмір сүріп жатқандығын, қазақ халқының өзге діндерге деген құрметі Қазақстандағы тұрақтылықтың басты шартына айналғанын атап өтті.
Мерекелік шарада ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов: «Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Олай болса, біз таза діни істерден өзге осындай ұлы мұраттарды да нысана етуіміз керек. Өйткені, адам баласы қайырлы да ізгі амалдарымен ғана Жаратушыға жақындайды.
Қасиетті Құранда: «Бір-бірлеріңе ізгі істерде, тақуалықта көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар…» делінген.(«Маида» сүресі, 2-аят). Халықтың әл-ауқатын бұдан әрі көтеру үшін бізге ең әуелі бірлік ауадай қажет. Өйткені, бейбітшілік – біздің бақытымыз бен баға жетпес байлығымыз, -деп баяндамасын көпшілікке айтып жеткізді.
Одан кейін «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісі Данилбек Саратов, «Мирзоян» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Аветик Амирханян ой-пікірлерін білдіріп, ұлтаралық татулық пен келісім ел саясатының темірқазығы екендігін атап көрсетті.
Қатысушылар «Рухани келісім – халықтар бірлігіне бастар жол» атты кітап көрмесіне шолу жасады.
Осы тақырып айналасында Орал медресесінің шәкірттері иләһи ән шырқаса, әншілер ән-жырдан шашу шашты.
Шара облыстық діни конфессиялар арасындағы шағын футбол сайысымен өз жалғасын тапты. І орынды Орал облыстық орталық мешіті, ІІ орынды «Жаңа өмір» діни бірлестігі, ІІІ орынды Тәжиден Батырұлы мешіті иеленді.
Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, тәуелсіздігімізді баянды еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі
20.10.2017
5720
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру