Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Арқалықта дін мамандары жастармен кездесті

Арқалықта дін мамандары жастармен кездесті

Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің қызметкерлері уағыз-насихат жұмыстарына белсене атсалысуда.

Мәселен, оқу жылы басталған аз ғана уақыт ішінде шаһардағы жоғары оқу орнынан бастап, колледж  және мектептерде  кездесулер өткізуде.

Арқалықтың дін қызметкерлері мектеп оқушыларының тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Өйткені, олар тәуелсіз еліміздің жарқын келешегі. Олармен ұйымдастырылған жүздесулерде маңызды мәселелер қозғалады. 

Сондай кездесулердің бірі жуырда ғана  Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясында өткізілді. Оған қалаға қарасты барлық мектептердің тәрбие жөніндегі мамандары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.

Басқосуды қалалық ардагерлер кеңесі, қалалық мешіт және ішкі саясат бөлімі ұйымдастырды.

Онда әңгімеге «Имандылық – тәрбие негізі», «Ата-анаға құрмет –ұрпаққа міндет», «Жат ағымнан сақтан!» секілді өзекті тақырыптар арқау болды.

Аталмыш мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы өмірге, білімге, өнерге құштар жастардың алдында имандылық, адамгершілік хақында сөз қозғады. Сондай-ақ жақсылық пен жамандықтың, тәртіп пен келеңсіздіктің арасын ажырата білу жөнінде тілге тиек етті.

Сонымен қатар қоғамға жат түрлі діни ағымдардан аулақ болу жөніндегі тұжырымдарымен де жиналғандарға ой салды.

Жиын барысында оқушылардың қойған сауалдарына мешіттің бас имамы мен теолог маман Әсет Бауыржанұлы  нақты жауап берді. Кездесу соңында қалалық білім бөлімінің басшылары мен әдіскер мамандар дін қайраткерлеріне шынайы алғыстарын білдірді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру