Нұр-Мүбарак университетіне Ресей Федерациясы Қоғамдық палатасының мүшесі, РФ мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти ғалым Дамир Мухетдинов арнайы ат басын тіреді. Әуелі ректор, профессор Жуда Басюни мырзаның қабылдауында болған РФ наиб мүфтиі оқу орнының тыныс-тіршілігімен қатар екі ел арасындағы білім ынтымақтастығы туралы да қозғап өтті. Арнайы қабылдаудан соң университет студенттерімен кездескен Дамир Ваисұлы әңгімені Ресейдегі мұсылмандардың тарихы мен ахуалынан бастады:
- Жер көлемі жағынан әлемдегі ең алып мемлекет Ресейде бүгінде 25 млн. мұсылмандар өмір сүреді. Тіпті шетелдерге барсаң, Ресейде мұсылмандар бар ма деп таң қалады. Ия, қазір бізде жаңа кезең басталды. Себебі Ресейде 1870 жылға дейін мешіттер қиратылып, мұсылмандарға қатты қысым жасалды. Тек Екатерина патша мұсылмандарға құлшылықтарына мүмкіндік беріп, мешіт-медреселер салуға жол ашты. Міне сол өздеріңізге белгілі 1917 жылға дейін Ресей аумағында 14800 мешіт болса, 1926 жылы олардың тек 1 пайызы ғана қалған. Тек 1991 жылдан бастап, атеистік саясаттың құлдырауы дінімізге жол ашты. Бүгінде бізде мешіттер саны 10 мыңға жетті,-деп тарихты тереңнен жан-жақты қозғаған Дамир Ваисұлының сөздері студенттерге ерекше әсер етті. Тарихтан кейін Ресейдегі бүгінгі ахуалды, білім алудағы жаңа мүмкіндіктерді айтып, бүгінгі мұсылман жамағаты тек біліммен ғана дами алатынына тоқталып, жастарға сәттілік тілеп өз тәжірибесі жайлы да ортаға салды.
Студенттер өз кезегінде Ресейде орыс тілінде ғылым саласында білім жалғастыру мүмкіндігі жайлы сұрақтарына жауап алды. Жастарды құрметті ғалым қонақтың бала тәрбиесіндегі тәсілі ерекше назар аудартты. 13 жасар баласының 9-шы тілді меңгеріп, оқып жатқан еңбектері жайлы айтқанда білім жолында жалқаулықтың жөн емес екенін жастар айрықша ұғына түскендей.
- Бізге білікті мамандар ауадай қажет. Бүгінде Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келіп білім алушылар көп. Біз оларды оқытып, өзімізде жұмысқа орналастырудамыз. Себебі бізге діни мамандар аса қат болуда,-деген Дамир Ваисұлы Қазақстандағы ахуалмен әрдайым жіті танысып отыратынын жеткізді. Қазақстандағы ислам дінінің дамуы, мемлекеттік шешімдер барлығы назарда. „Нұр-Мүбарак университеті бұл үлкен мүмкіндік. Сондықтан сіздер өз мүмкіндіктеріңізді толыққанды әрі тиімді пайдалана біліңіздер. Қазір қару мен қара күш көрсетудің емес, қазір білімнің заманы. Білімнен басқа жол жоқ„,-деді Дамир Мухетдинов мырза. Сондай-ақ Ресейде жарық көріп жатқан дін ғылымына қатысты жаңа журналдармен таныстырып, кітаптарды университет кітапханасына сыйға тартты. Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Жуда Басюни мырза да араб тілінде жарық көрген кітаптарды ұсынып, естелік суретке түсті.
Студенттер үшін айрықша әсерлі өткен ғалым РФМДБ-ның наиб мүфтиі Дамир Мухетдинов мырзаның дәрісі жастарды жаңа ойларға жетелеп, қанат бітіргендей.

ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Айша КЕҢЕСБАЙ Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі
22.09.2017
3260
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру