Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ұлт тарихы өңір тарихынан құралады

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ 22.09.2017 4529 0 пікір
Ұлт тарихы өңір тарихынан құралады

Жуырда облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті, облыстық «Әбу Ханифа» қоры, облыстық Ардагерлер Кеңесі және облыс әкімдігінің қызметшілерінен жасақталған арнайы топ «Сакралды жерлерге саяхат» акциясы бойынша Шарбақты ауданы  Жылыбұлақ аулындағы  Маралды көлі, осы ауылдың Байжырық өңіріндегі сұлтандар мазары және Арбиген ауылындағы Ғабдул Уақит хазірет кесенесінде болып қайтты. Ажымұратов Қадыр, Садуов Ағлаш, Байболатов Сапарғали, Түгелбаев Әбілхақ, Жантурин Аблай, Мұрзатаева Бағия, Кеңесбаев Кенже қатарлы құрметті ақсақалдар мен ардагерлермен қоса облыс бас имамы Исенов Нариман, облыс әкімдігінің қызметшісі Жұматаев Қазыбекте осы сапарында алдымен Маралды курорттық аумағында болды. Бұл жерде оларды Шарбақты ауданының әкімі Балғабай Жұмағұлұлы Ыбыраев және аудан әкімдігінің жауапты қызметшілері, ауданның бас имамы қатарлы көптеген адамдар жылы жүзбен қарсы алды.

Аудан әкімі өз сөзінде: «Маралды көлінің аумағы 5,5 мың гектарды алып жатыр. Бұрын мұнда ешқандай инфрақұрылым болмаған. Соған қарамастан демалушылар Маралдыға жаз бойы ағылатын.  Сондықтан біз облыс әкімінің бастамасымен ағымдағы жылы Маралды көлін демалыс аймақтарының қатарына енгізіп, оның айналасын абаттандыруға кірісудеміз.  Қазір құрылыс жүріп жатыр. Демалушыларға жағдай жасау үшін біршама іс атқарылды. «Болашақта біз емдік-санаторий курортын ашуды жоспарлап отырмыз, онда сазбен емдейтін орындар, ванналар жұмыс істейтін болады. Жақын уақытта емдеу орнының құрылысы жобасын әзірлеуді бастамақпыз», - деп атап өтті. 

    Маралды тұзды көлінің шипалық батпағы жыл сайын мыңдаған қастерлеушілерді тартатын, болашағы аса мол екендігіне сеніміміз кәміл.

Келесі кезекте Жылыбұлақ аулындағы орта мектебінде қонақтармен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары түгелге жуық қатысты. Бұл кездесудің тиімділігі, әсіресе жастарға, балаларға беретін тәлімдік-тәрбиелік маңызы туралы арнайы жазуға болатын еді. Қазақ әдебиеті, қазақ поэзиясының Мұзағасы-музағасы болған Мұзаффар Әлімбаев ағамыздың кіндік қаны тамған бұл өлкеден бүгінде елімізге, облысымызға танымал көптеген тұлғалар туып ұшқан. Олар түгелдей мектеп мұражайы төрінде  жас  ұрпақтың мақтанышына айналып орын алып тұр. Өздерінің рухани байлығы, ауылының бай тарихымен таныстырған мектеп ұжымы қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алып қимай шығарып салды.

Одан кейін Жылыбұлақ ауылына он шақты шақырым жердегі кезінде Павлодар уезінің Маралды болысындағы Абылай хан туысқандарының мазарлары, соның ішінде Абылай ханның немере ағасы Шаншар Сұлтанмаметов және Ұрұс Сұлтанмаметов (Сұлтанбетов, сұлтан Маметов )-тердің әулетінің мазары деп танылған Байжырық аталатын жерде болып мазарларды көріп, тарихтан сыр шертісті.

Арықарай қарағайлы өңіріндегі Арбиген аулына қарасты Ғабдылуахит хазірет Тіленшіұлының (1853-1926) кесенесінде болып, құрбандыққа мал шалып, Құран бағыштап зиярат жасаған топ, дастархан үстінде Павлодар өңіріндегі қасиетті жерлер, әулиелер мен әмбиелер, дін және қоғам қайраткерлері,  осы өңірден туған танымал адамдар туралы көптеп сыр шертісті. Хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы – өз заманының танымал адамы болды. Адалдық пен әділдікке, ізгілік пен мейірімділікке бастайтын ислам дінін тереңінен меңгеріп, оны халық арасында насихаттады. 1926 жылы өмірден өткен Ғабдыл-Уахит хазірет өмірін қасиетті  дінімізді жаю жолына арнаған, сырқат адамдарды қасиетті дұғалармен емдейтін, мұқтаждарға қолынан келген жәрдемін беретін, осы қызметтері үшін үлкен құрметке ие болған екен. Оның бейітінің басына адамдар үмітпен, сеніммен келіп, тәу етіп, Алладан жәрдем сұрайды.  Адамдар легі күні бүгінге дейін еш толастамай ағылуда.

Сакралды жерлерге саяхат жасаған ардагерлер тобы алда өз құрамын жастармен толықтырып әлі де сауапты шараларын жалғастыра бермек.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру