Қасиетті мекенде қажылық парызын орындаған отандық қажылар елге толық оралды.
Биыл ғана іске қосылып, 300 адамға қызмет көрсеткен ҚМДБ «Тауаф Travel» қажылық компаниясымен Ақтөбеден 14 адам қажылыққа аттанған болатын. Осы топтың қатарында болып, діни басқарманың тікелей қолдауымен құлшылығын өтеп қайтқан nur.kz интернет-порталының Ақтөбедегі меншікті тілшісі Ардақ Ерубаева бүгін облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне бас сұғып, өзінің қасиетті сапардан алған оң әсерімен бөлісті.
Журналист қажылық сапарын өтеуге қолдау білдірген діни басқармаға шынайы ризашылығын білдірді. Тұңғыш төл қажылық компаниясының қызмет көрсету сапасы мен жұмыс тобының ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берген ол өзге қажылардың да компанияның сервисіне көңілі толғандығын айтады.
- Имамдардан құралған білікті гид-мамандардың бағыт-бағдар беріп, түсіндіру жұмыстарын тиянақты жүргізуінің арқасында қажылықтың парыздары мен рәсімдердің барлығын ретімен орындадық. Сапарымыздың барысында қос қасиетті шаһардағы тарихи орындарда болып, Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мешітіне бас сұқтық. Алғашқыда жүрексініп, екі күн бойы онда кіруге бата алмай жүрдім. Себебі, қасиетті мекенде, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аяқ басқан жерімен жүрудің өзі жауапкершілігі бөлек дүние ғой. Ақыры үшінші күні ғана мешітке кіруге бекініп, мұннан мүлдем басқа әсер алып шықтым. Қажылық сапарынан иманым толысып, рухани кемелденіп қайттым десем болады. Тіпті марқұм әкемнің атынан умра қажылығын орындау бақыты да бұйырды. Бұл мен үшін перзенттік борышымның бірін өтеу іспетті боп, жаныма ерекше жеңілдік нәсіп етті, - дейді журналист.
Мешіт ұжымына қасиетті Меккеден әкелінген әжуа құрмасынан ауыз тидірген Ардақ ханымға өкіл имам Төлеби Оспан қажылығы қабыл болсын деген тілегін жеткізіп, ізгі ілтипатына алғыс білдірді.




ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
18.09.2017
3053
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру