15-ші қыркүйек, қасиетті жұма күні - Талдықорған облысына қарасты Сарқанд ауданы мен Бірлік ауылында бірден екі ғибадат орнының ашылу салтанаты өтіп, ақ түйенің қарны жарылған қуанышты күн болды.
Алла Тағаланың Жер бетіндегі үйі – екі мешіттің ресми ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Астана қаласы «Хазірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы, ҚМДБ наиб мүфтиі Серікбай Сатыбалдыұлы Ораз, ҚМДБ іс басқарушысы Орын Ербосын Бектұрсынұлы, Діни істер бөлімінің басшысы Турдыбаев Камалжан Бекбосынұлы, Талдықорған өңірінің өкіл имамы Ахмадиев Серікхан, Сарқанд ауданының Бас имамы Серікбол Асқар, Сарқанд ауданының әкімі Қошанбеков Ерғазы Қошанбекұлы және Сарқанд ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Тұрысбекұлы арнайы келіп қатысты.
Сарқанд ауданына қарасты Бірлік ауылындағы «Береке-Бірлік» құлшылық үйін, Алла разылығы үшін, ауыл жамағатының жиналып, бірге құлшылық етуіне, уағыз-насихат тыңдап, балалар мен жастардың діни сауаттарын ашуына әрі діни білімдерін жетілдіруіне және мешіт қабырғасында тәрбиеленіп, имандылықты бойларына сіңіріп өсулері үшін арнайы туып-өскен жерінің тұрғылықты халқына арнап өз қаражаттарына салдырған ауыл жамағаты. Алла Тағала бұл азаматтарымызға екі дүние бақытын нәсіп етсін деп тілейміз. Аталмыш мешітті салу барысында, мешіт жамағатына дос-жоралары, аға-бауырлары, жергілікті халық рухани қолдау көрсетіп, көркем де керемет идеяларға итермелеп, қолдарынан келген көмектерін аямаған. Міне, бүгінгі сән-салтанаты келіскен мешіттің ресми ашылуына Қазақстанның әр қаласынан қонақтар да келіп жеткен.
Ауыл ортасында орналасқан төрт мұнаралы, үстінде үлкен күмбезі бар жаңа мешіт мен мұндалап алыстан көз тартады. Бір жарым гектар жерді алып жатқан жерге 100-150 ер адам бір уақытта намаз оқитын орын, имамның бөлмесі және әйел жамағатының намаз оқитын есігі бөлек бөлмесі бар мешіттің өз басы, 150 ер адам мен 80 әйел адам бөлек отыратын хатымхана, ыстық-суық сумен қамтамасыз етілген жуынатын, ғұсыл алуға арналған душ бөлмесі, әжетхана, отын сақтайтын қойма, мәйіт жуатын бөлме, қыстың күні от жағатын орын орналасқан. 1 гектардай жерге, Алла қаласа, жуырда жеміс ағаштары отырғызылып әрі бүлдіршіндерге арналып ойнау алаңы салыну жоспарланып отыр.
Мешіт ауласы көгалдандырылған, өсіп тұрған раушан гүлдері мен қысы-жазы жап-жасыл болып тұратын шыршалар көздің жауын алардай.
Қазіргі таңда 120 отбасы тұратын шағын ғана Бірлік ауылының тұрғындары Алла Тағаланың бұйырғандарын орындап, тыйғандарынан тыйылып жүрген тақуа жандар. Осы арада ерекше атап өтетін жайт – ішімдік атаулы ауыл дүкендерінде сатылмайды, өйткені тұрғындардың ортақ келісімі бойынша, харам ішімдікті ішпек тұрмақ, сатудан да бас тартқан. Ал, бүгінгі болып жатқан Алла үйінің ресми ашылу салтанатына ауылдың тайлы-таяғы қалмай келген. Бәрлерінің жүзінде қуаныш, езуінде күлкі. Тігілген үш аппақ жұмыртқадай кигіз үйлерге мол дастархандар жайылған. Қазандарда ет қайнап, сап-сары алтындай бауырсақтар пісіріліп жатыр. Кіші-гірім той дерсің. Осындай қуанышты қарбаласта жүрген жандарға сүйсіне қарап, «Иә, Алла, ауызбірлігі мол осынау ауыл тұрғындарының қуанышы ұзағынан болғай», - деп іштей дұға етесің...
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жиылған қалың жұрт алдында құттықтау сөз сөйлеп, наиб мүфти Серік Сатыбалдыұлы Ораз бақилық дүниеге аттанған ауыл тұрғындарының рухына бағыштап Қасиетті Құран сүрелерін оқыды, қызыл лента кесіліп, ауыл жамағаты жаңа мешіт ішіне кірді. Мешітте ине шаншар жер қалмады, ішіне сыймаған жамағат мешіт алдына жайылған кілемдерге жайғасты. Жиылған қалың жамағатқа Бас мүфти танымды да тағылымды уағыздар айтты. Айтылған уағызды жамағат бір кісідей ұйып тыңдады. Уағыздан соң мұсылмандарды жұма намазына шақырған азан үні ауыл үстін кернеп кетті. Жиылған жамағат Бас мүфтидің артынан сап түзеп, жұма намазын оқуға ниет етіп жатты.
Жұма намазын оқып алған бауырларымыз хатымханада арнайы жайылған дастархан басына жиналды. Аталмыш мешіттің тезірек салынып бітуі үшін күн-түн демей ат салысып жүрген азаматтарға сыйлықтар берілді. ҚМДБ төрағасына және басқа да сыйлы қонақтарға қазақы дәстүр бойынша иықтарына шапан жабылды.
...Жан тыныштығын тауып, рухани байығыңыз келе ме? Онда мешітке келіңіз, үй-ішіңізді, бала-шағаңызды ерте келіңіз. Жер бетіндегі Алланың үйлеріне қолыңыздан келгенше көмектесіп, мешіттерге құрметпен, сүйіспеншілікпен қараңыз! Әрбір істе, әрбір игі амалда ниетімізді дұрыстап, шынайылығымызды шыңдап әлемдердің Раббысының ризалығын алуға жазсын, ағайын!

















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша баспасөз қызметі
18.09.2017
7883
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру