Айт – мұсылман күнтізбесіндегі қос маңызды мерекенің бірі ғана емес, бұл отбасылық басқосудан басталатын, бауырмалдылық пен бүтіндікке, сыйластық пен сүйіспеншілікке үндейтін, балаларға дейін айттық сыйлық алып шаттанатын айтулы күн.
Осынау ұлық мерекеде ақтөбелік әйелдер-қыздар секторы кішкентай балғындарға керемет көңіл-күй, есте қаларлық ерекше сәт сыйлады. Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстаздары Диляром Бектаева мен Кенжегүл Қошқарова мерекеге келген 100 балаға жеміс шырындарын үлестіріп, тәттілер таратып, жасылды-қызылды шарлармен қуантты. Шараға мешіттің сауат ашу курсының шәкірттері атсалысты.
Ал айттың үшінші күні Айнұр ұстаз бастаған мешіттің әйел ұстаздары қыз балалар арасында «Қыз сыны» байқауын өткізді. Байқаудың әр кезеңіне ерекше әзірлікпен келіп, өз беттерінше ізденген қыздарымыз жақсы өнер көрсетті. Әрқайсысы өз атына сай «Сымбатты қыз», «Өнерлі қыз», «Ибалы қыз», т.б. номинацияларын иемденіп, ұстаздарынан марапат алды. Бұдан бөлек балақайларға викториналық сұрақтар қойылып, жаз бойына босаңсыған оларға бұл әрі ойын, әрі жаңа оқу жылының алдындағы сергіту сәті болды. Шара соңында барлығына айттық сыйлықтар үлестіріліп, мерекелік дастархан жайылды.
Қаладағы әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығы айт мерекесіндерге балаларға арнап, ерекше бастама көтерді. Орталық ұстазы Бақыт Жансүгірова және өзге де ұстаз, шәкірттер бірлесе отырып, көпбалалы отбасынан шыққан және мүмкіндігі шектеулі балаларды «Еуразия» кафесінде мейман етті. Балалардың құрметіне жайнатып дастархан жайып, отырыс барысында қызықты ойындар ұйымдастырды. Ер балаларымыз өздерінің арасында білек күштерін сынастырса, қыздарымыз тақпақ айтып, өз өнерін көрсетуден жарысып, мәз-мәйрам болды. Балғындардың риясыз күлкі, шексіз шаттық сыйлаған ұстаздарының сый-құрметіне кішкентай балғындарымыз да дән риза болды.
















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
05.09.2017
3991
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру