Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Павлодарда Құрбан Айт мерекесі

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі 02.09.2017 3982 0 пікір
Павлодарда Құрбан Айт мерекесі

Павлодар өңірінің барлық мешіттерінде  Құрбан  Айт намазы таңғы сағат 07.00 де басталды. Қала орталығындағы алты мешітке қарай мұсылмандар толассыз ағылып жатты. Облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» зәулім мешітінде Айт намазы басталардан жарты сағат бұрын  өкіл имам Нариман Ермекұлы уағызды бастап та кетті.  Өкіл имам барша жұртты Айт мерекесімен құттықтап:  «Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Құрбандық шалу қаншалықты жауапты әрі сауапты іс. Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла Тағала қабыл етсін. Ұлық мереке мүбарак болып, әр отбасына бақыт, береке қонсын!»,- деді.

Айт намазында мешіттерде мұсылман қауымы лық тола болды. Айт намазынан кейін қала шетіндегі «Құлагер» атшабары аумағындағы арнай жабдықталған орында мұсылман жамағаты көптеп келіп Алла Тағала ризашылығы үшін құрбан шала бастады.  Құрбан Айттың алғашқы күні құрбан шалатын орында мерекенің лебі сезіліп тұрды. Мұнда киіз үйлер тігіліп, құрбандық шалуға келген адамдарға тегін дастарқан жайылды. Сонымен қатар, шағын азық-түлік жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің наиб имамдары  жиналған жұртқа  діни мереке туралы уағыз айтып, құрбандық шалудың шарттары мен талаптарын түсіндіріп берді.

Құрбан шалу айттың үш күнінде де жалғасын табады.

Ал, қалалық орталық саябақта  қалалық  «Ақмешіт», «Ғазиз», «Әбу Бәкір Сыддық», «Бижан», «Ар-Рахман» мешіттері бірлесіп   ұйымдастырған  «Құрбан  Айт-құтты мереке» атты  мәдени-рухани-спорттық шаралары сағат 14.00-ден 18.00-ге дейін жалғасты. Бұл мерекелік шараға  шамамен 10 мыңға жуық қала тұрғындары келіп тамашалап, белсене қатысты. Шараға өңір басшылары да қатысты. Балаларға арналып саябақтың әрбір жерінде үлкен-үлкен батуттар орналасса, саябақтағы барлық ойын құрылғылары 50 пайызға бағасын жеңілдетіп, мейрамға жиналған қауымға даяшылық көрсетті. Арзан  бағада түрлі-түрлі ас мәзірі, тәтті-дәмділер сататын дүңгіршектер де аз болмады.

Жастар арасына  дәстүрлі қазақ күресі, арқан тарту, қол күрестіру, гір тасын көтеру қатарлы спорттық ойын-шаралары ұйымдастырылса, жасөспірімдер мен балдырғандар арасына мешіт ұстаздары Құран жарысы, көңілді старт, викторина, өлең-тақпақтар мәнерлеп оқу, тоғызқұмалақ  қатарлы  әртүрлі ұлттық ойындармен қатар иләһи ән-күй бәсекелерін қыздырды. Құран жарысы, діни сұрақтар  жарыстарына қатысқан жасөспірімдердің санында шек болмады.

Құрбан айттың құрметіне Ислам діні туралы, қазақ тарихы жөнінде, ұлттық дәстүр тұрғысында сұрақ-жауап викторинасы  балалардың зердесі мен зейінін паш етті.

Ал Құран оқудан өткен жарысқа белсене қатысқан балақайлардың ең кішісі 3 жаста, үлкендері 12-13 жасар. Балдырғандар Құранның қысқа сүрелері мен аяттарын жатқа айтып, жиылған қауымды тәжуидтің дұрыстығы, мақам-маһраждарымен таңдай қақтырды. Одан кейін қалалық спорт бөлімінің жетекшілік етуімен жас жеткіншектер теннис кортында әртүрлі эстафеталық жарыстар, ұлттық ойындар  ойнаса,  ересектердің арасында батпан тас көтеруден, қол күресінен сайыстар  ұйымдастырылды.  Жеңімпаздардың барлығына бағалық заттай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар алтыбақанда  ойнаған қыз-жігіттер Айт көркіне көрік қосты.

Керекулік тұрғындар мен қала қонақтары айтулы мерекеде мешіт алаңында өткен түрлі ойындардың куәсі болып, әртүрлі ойын-сауық,  бағдарламалардың  көрермені болды. Облысымыздың белгілі әнші-күйші өнерпаздары өз өнерлерін бұқараға паш етіп, ән мен жырдан шашу шашты.

Ал  шара соңында сағат 16.00-18.00 аралығында  жиналған барлық халыққа Айт дастарханы жайылып, ас-тағамнан  (21 қазан палау, бауырсақ, күлше нан, сусындар) дәм таттырады. «Дастарханда  100 келілік 17 қазанда  шамамен екі мың тоннаға жуық палау дайындалып үлестірілді. Сондай-ақ «Самал» оңалту орталығының 50 баласы саябақтағы ойын құрылғыларында тегін ойнап,  олардың әрбіріне сыйлықтар табысталды. Дастархан мәзірінің қаражатын мұсылман қауымы өздері шығарды»,-дейді қала мешітінің имамдары.

Ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды жүздестіретін қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні Павлодар қаласында осылай аталып өтті.

Мүбәрак мейрамның құрметі үшін барша жамағатқа,  иманды азаматтарға мүгедектер, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналарға қайырымдылық жасалды.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру