Күллі мұсылман ағайын үшін бүгін – ақ түйенің қарны жарылған күн. Мұсылман күнтізбесіндегі маңызды қос мерекенің бірі – Құрбан айтпен де қайта қауыштық. «Айт» сөзі араб тілінен аударғанда қайталанып келетін мереке деген мағынаны білдіреді. Бұл күні жер-жерде жамағаттар айт намазын оқып, Жаратқанға жақындау ниетімен құрбан шалады.
Айшықты мерекені ақтөбеліктер де атап өтті. Облыстың барлық мешіттерінде жергілікті уақытпен сағат 07.30-да айт намазы оқылды. Облыстың бас мешіті – «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітіне мерекелік намазды оқуға 5000-ға жуық жамағат жиналды. Өңірдің өкіл имамы Төлеби Оспан баршаны ұлық күнмен құттықтап сөз сөйлеп, діни ғана емес, отбасылық мерекеге айналған, мәні мен маңызы тұрғысынан мұсылманның мейірімділігін паш ететін, бауырмалдылық пен бірлікке үндейтін бұл күннің қасиеттілігіне ерекше тоқталды. Көпшілікті Елбасы құтты мекенге теңеген өңірдің әлеуетін арттырып, оның өрлеп дамуына өз үлестерін қосуға, осы ортақ мүддеде күш біріктіріп, бірлігі жарасқан бір ел болуға үндеді.
Мереке мешіт алаңында жалғасын тапты. Айтулы күнге ұлттық сипат бере отырып, қатар тізілген киіз үйлерде халыққа дәм ұсынылды. Ата-анасынан қалыс қалмай, мерекені тамашалауға арнайы келген балақайларға мешіт атынан жеміс шырындары, тәттілер таратылып, айттық сыйлық ретінде әр түрлі безендірілген шарлары үлестірілді.
Шараның және бір қызықты тұсы – ұлттық ойын түрлерінен ұйымдастырылған спорттық сайысқа жамағат ерекше ынта танытып қатысты. Әсіресе, асық атудан жарысқан мектеп жасындағы балаларға дейін ұлттық спортты ұлықтап, ойынның көркін қыздырды. Барлығы бес түрлі ұлттық ойындардан – асық ату, арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру және екі түрлі салмақтағы қазақ күресінен күш сынастырған әуесқой спортшылар жақсы ойын көрсетті. Бәйгеде басып озып, күшінің мықтылығын дәлелдеген І, ІІ, ІІІ орын иегерлеріне және арқан тартудан жеңімпаз топ - «Москва» командасының ойыншыларына өкіл имамның атынан бағалы сыйлықтар беріліп, барлығы Мадақтамалармен марапатталды. Соның ішінде, шаңсорғыш, Алланың 99 есімі мен қастерлі Құран аяттары жазылған, мешіт суреті бейнеленген картиналар, сағаттар, балаларға скэйтборд пен құлаққап, басқа да бағалы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, облыстық «Руханият» мұражайының ұйымдастыруымен қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі өтті. «ЭКСПО-2017 – мүмкіндіктер мекені» деген тарихи атаумен ұсынылған көрмеге Ақтөбе қаласындағы «ҒАЖАП» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігі мен Ақтөбе облысы қарттар үйі тұрғындарының өз қолымен дайындаған туындылары қойылды. Соның ішінде, тоқыма заттар мен қыл қаламмен салынған суреттер, т.б. бұйымдар қамтылды.
Өзге мешіттердегі ұлық мерекенің атап өтілуі жайлы келесі ақпараттардан оқи аласыздар.


















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
01.09.2017
3980
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру