Алда мұсылмандардың айшықты мерекесі – Құрбан айт келе жатыр. Қасиетті күнмен қатар келген Конституция күні де Ата заңымыздың 22 жылдығы да атап өтілді. Осы айтулы күндердің қарсаңында арнайы бас қосқан мешіт ұстаздары түрлі тақырыптарда тұшымды уағыз-насихат айтып, шариғат шырынымен шәкірттердің «шөлін» қандырғандай болды.
Ал даналықтың дариясы мен білімнің түбі жоқ теңізіне бойлағандай әсер алған шәкірттер, әжелер мен ару қыздарымыз ұстаздарын ұйып тыңдап, қажылық пен құрбан шалу жайлы қызықты да сенімді мағлұматтармен сусындады.
«Досжан Хазірет» мешітінің ұстазы Ақжарқын Жылысбаева құрбан шалудың кімдерге уәжіп екендігі, құрбандыққа шалынатын малдың түрлері мен рәсімнің орындалу барысы, уақыты, құрбан етін үлестірудің реті жайында көп пайдалы мағлұмат берді. Ал «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің ұстазы Диляром Бектаева қажылықтың қыр-сырын баяндап, Қағба маңында, қажылық кезінде атқарылатын әртүрлі рәсімдердің орындалу барысын түсіндірді. Қабыл болған қажылықтың сыйы – жәннат екендігін жеткізе отырып, әр амалдың астарындағы ниеті, пенденің пейілі маңызды екендігіне баса мән берді.
Сонымен қатар, Диляром ұстаз азаматтардың құқығын қорғайтын құжатымыз – Ата Заңымыздың мазмұнына, маңыздылығына айрықша тоқталып өтті. Конституцияның құқықтар мен міндеттерді белгілейтін ғана емес, ел ішіндегі тәртіпті реттейтін, елдің жарқын болашаққа деген сенімін жинақтаған құжат екендігін тілге тиек етті.
Мешіт ұстазы Кенжегүл Қошқарова бүгінгі бағасы өлшеусіз бейбіт күннің қадірі туралы, баршылықтың пен бүтіндіктің теңдессіз байлық екендігі жайлы әсерлі насихат айтып, бүгінгі елдің еңсе көтере дамуы да, діндегі жетістіктер де дәл осы бейбітшіліктің арқасында бұйырған нығмет екендігін жеткізді. Соның бір дәйегі ретінде кешегі айшылық жерлерді бүгінде бірер сағатта бағындырып, қажылық сапарына аттанған қандастарымызды мысалға келтірді. Сөзін бірлігімізден Алла айырмасын деген тілекпен түйіндеді.
Үш бірдей ұстаздың тағылымын тыңдаған шәкірттерге «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешіті әзірлеген Құрбан айт туралы ақпараттық бүктемелер және «Мұсылман сипаты» атты шағын кітапша айттық сый ретінде таратылды. Ал ұстаздарға өкіл имамның атынан Құрбан айтпен құттықтау хаттары беріліп, көңілдері бір марқайып қалды. Бұдан бөлек барлық ұстаздарға мешіттің кітапхана қорынан «Ұлық имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа», «Ислам экстремизм мен лаңкестікке қарсы» атты құнды кітаптар сыйға тарту етілді.









ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
31.08.2017
3819
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру