Бүгін ақтөбелік дін саласының бір топ қызметкерлері ЭКСПО көрмесін аралады. Делегация құрамында облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов, облыстың өкіл имамы Төлеби Оспан бастап барған қала, аудан мешіт имамдарымен қатар "Ансар" ақпараттық талдау орталығының басшысы Ж.Сүлейменов те болды. Мұндай бастаманы өзге аймақтар арасында алғаш боп көтерген өңір белсенділері көрікті көрмеге бас сұғып қана қоймай, оның маңыздылығын насихаттауға ерекше мән беруде.
«Болашақ энергиясы» тақырыбындағы әлемдік көрменің әрбір павильонын мұқият аралаған топ әр елдің ұсынған техникалық құрылғылары мен тың туындыларын сағаттап тамашалап, таңданыстарын жасыра алмады. Әсіресе, қазіргі таңда балама энергия көздерін алу мақсатындағы құрылғылардың ерекше сұранысқа ие екендігін ескерсек, осы бағытқа айқын басымдық берген көрменің дәл осылай аталуы да тегін емес. Сарқылмайтын энергия көздеріне жататын күн сәулесі, жел, жер асты сулары арқылы энергия алу болашақта адамзатқа қажетті ресурс түрі. Ал мұндай жетістікке адамзат терең ізденіс пен ғылымды, білімді игеру арқылы ғана қол жеткізе алады. Бүгінгі ЭСКПО көрмесі сол жаһандық жетістікке басқан алғашқы қадамдардың бірі іспеттес әсер қалдырады. Сапардан алған әсерімен бөліскен облыстың өкіл имамы Төлеби Оспан әуелгі түскен аятта адамзатқа «Оқы!» деп бұйыртқан ислам дініндегі ғылым мен білімнің маңыздылығы да ЭКСПО-ның кезекті тақырыбымен үндесетіндігін айтады.
- Шариғат тұрғысынан да күллі адамзаттың игілігіне пайдалы ғылым салаларын игеру жалпыға міндетті құлшылық саналады. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мағыналай жеткен хадисінде де: «Хикмет (ғылым мен өнер) адамның жоғалтқан мүлкі. Қайдан тапса да оны алсын», - деу арқылы адамзатты ғылым мен өнерде жаңалық ашуға деген ізденіске үндейді. Демек, Астанада өтіп жатқан әлемдік көрме ғылымды жаңа сатыға көтеріп, көптеген жаңалықтардың ашылуына түрткі болып қана қоймай, дініміздегі үлкен насихаттардың бірінің іс жүзінде жүзеге асуының айқын көрінісі болады деп сенемін, - дейді ол.




















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
25.08.2017
3288
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру