Бүгін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінде «Қазақстанда иммунизацияның практикалық мәселелері. Профилактикалық егулерден бас тарту оқиғаларының алдын алу» тақырыбында республикалық семинар өтті. Оған денсаулық сақтау саласы мамандары мен жергілікті атқарушы билік, дін өкілдері, профессорлар қатысып, өзекті мәселе жан-жақты талқыға салынды.
Бір күнге жоспарланған семинар барысында Инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық мониторингілеу департаментінің директоры Манар Смағұл және оның орынбасары Қуатбаева Айгүл, С.Асфендияров атындағы Ұлттық Медицина университетінің профессорлары, оқытушылары, одан өзге де білікті дәрігерлер әр түрлі тақырыптарда баяндамалар жасады. Онда вакцинацияның аурудың алдын алудағы маңыздылығын түсіндіру аясында атқарылып жатқан іс-шаралармен қатар баласына екпе алдыртудан бас тартатын ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу жайы қамтылды. Өз баяндамасында бұл бағытта теолог мамандар тарапынан түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқандығын айтқан облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы мәселеге шариғи түрде түсінік беріп өтті. Исламда ең басты құндылық саналатын адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін қандай да бір зияндылықтың, соның ішінде аурудың алдын алудың шариғатқа қайшы еместігін және екпені діни көзқараспен байланыстыруға еш негіз жоқ екенін айтып түсіндірді. Бұдан бөлек ағымдағы жылы облыстың орталық мешіті мен қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің мамандары бірлесе отырып ұйымдастырған шарада тұрғындарға екпенің маңыздылығы түсіндіріліп, арнайы брошюралар таратылған.
Кешке дейін жалғасқан семинар барысында тақырып төңірегінде қойылған сауалдарға мамандар жауап беріп, шара соңында барлық қатысушыларға салтанатты түрде сертификаттар табыс етілді.




ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
15.08.2017
3260
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру