Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИМАМДАР БІЛІМІ ШЫҢДАЛДЫ

14.08.2017 3812 0 пікір
ИМАМДАР БІЛІМІ ШЫҢДАЛДЫ

Ақмола облысына қарасты барша қала және аудан имамдарының білімін шыңдап, біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылатын кезекті семинар Щучинск қаласында тамыз айының 08-10 күндері болып өтті. Семинарға арнайы теолог мамандар мен білікті ұстаздар шақыртылып, ХХІ ғасырдың зияткер имамы болу заман талабы екендігі кеңінен түсіндірілді. Елордалық «Әл-Ғани» мешітінің ұстазы Асхат Хусайынов «Әбу-Ханифа мазһабының негізгі қағидаттары бойынша дәріс жүргізсе, Павлодар өңірінен келген белгілі теолог Рауан Шыңғожанов жат ағымдармен күресу және ағым жетегінде кеткендермен оңалту жұмыстарын жүргізу тәсілдерімен бөлісті. Сондай-ақ аталмыш семинарда Ақмола облыстық дін істері басқармасының бас маманы Бөкен Ақанұлы да имамдарға деструктивті діни ағымдарға қарсы алдын алу шараларын белсенді түрде жүргізу мен қатар мешіттерде Ханафи топтарын құру қажеттігін атап өтті.

«Бүгінгі күнде еліміз үшін діни тұрақтылық пен келісімді сақтау маңызды. Сондықтан да имамдар қоғамдағы түйіткілді мәселелердің бірі жат ағымдармен күрес бойынша шариғи және зайырлы білімдерін жетілдіріп отыруы қажет. Осы мақсатта ұйымдастырылған семинардан толымды ақпарат алдық деп айта аламын» – дейді семинарға қатысушы Түйтебеков Виктор Николаевич.

Жиын соңында білімін жетілдіру семинарына қатысқан отызға жуық имамдарға ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілі, облыстық «Науан Хазрет» мешітінің Бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлы арнайы сертификатты табыс етіп, «Имамдардың біліктілігін арттырып, заман талабына сай имамдардың жаңа бет-бейнесін қалыптастырымыз қажет» -деп қорытындылады.

  

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру