Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қос дөңгелекті арбаның қадірі

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 24.07.2017 6648 0 пікір
Қос дөңгелекті арбаның қадірі

Бүгін облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі «Сен де үлес қос!» акциясы екі бірдей мүмкіндігі шектеулі балаға мүгедек арбасын сыйға тартты.

Акцияға жауапты мешіт қызметкерлері Мәжит Әбішев пен Кенжегүл Қошқарова аталмыш заттай көмекті мұқтаждар жандардың өз қолдарына апарып табыстады.

Он төрттегі ұлы Азаматтың өз аяғына тік тұрып, өздігінен жүріп кеткенін қалайтын қала тұрғыны Ұзақова Тұрсынгүлді баласының бүгінгі жай-күйі алаңдатады. Бала кезінен неврологиялық ауруға шалдыққан оның отырып-тұруының өзі үлкен қажырлықты қажет етеді. Ал Ташева Любаның ұлы Дмитрий 7 жаста. Сал аурына шалдыққан оны анасы ауырсынса да, ылғи арқалап, қолында көтеріп жүреді. Өйткені арба сатып алуды қаражат жағы көтермейді. Сондықтан бүгінгі қайырымды іс қос ананың қаяу басқан қам көңіліне аз да болса жұбаныш сыйласа, мүмкіндіктері шектеулі балалардың өздерін одан бетер қуантты.

Дима мен Азаматтың екеуі де «Ғажап» мүгедек балалар қоғамына қатынап, осынан арнайы массаж алады, өзі қатарлы балалармен ойнап, бірге уақыт өткізеді. Мұнда олар секілді арбаға тәуелді өзге де балалар бар. Бірақ денінде дөңгелекті арба жоқ. Ал бұл өз кезегінде ата-анаға салмақ түсіреді, әрі үнемі қолда жүретін баланың ауырсынуын арттырып, біраз әбігерге салатыны рас. Сондықтан, мұндай жандарға жомарт қолдың жәрдемі ауадай қажет-ақ.

P.S. Қос аяғы жоқ адам он екі мүшесі бүтін адамдарға қызыға қараса, жалаң аяқ адам жамаусыз, бүтін аяқ киімім болса екен дейді, ал жаяу жүргінші жеңіл көлікті аңсайды. Бірақ осынау бумеранг өмірде адам баласы әуелі биікке емес, бәлкім бір уақыт төменге зер салып, тәубесін еске түсірсе, бардың қадірі жоғалмай, Аллаға шүкіріміз де азаймас па еді. Барды бағалай білмейтін кейбірімізге бүгінгі қос дөңгелекті арбаның  қадіріне жетіп, қиындыққа мойымай жүрген қарагөздердің қайраттылығынан асқан үлгі болар ма?!

Алла баршамызды жәрдемге асығушы Жәннаттың иелерінен қылғай!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру