Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің әйелдерге арналған діни сауат ашу курсында тоғыз ай бойына тәлім алған шәкірттердің бірқатары бүгінде ілім мен ізденіс жолына түскен. Олардың ішінде исламды тереңірек танып білуге талпыныс қылған бес шәкіртіміз биыл Шымкент қаласындағы медресеге оқуға тапсыруға ниет білдірді.
ҚМДБ-ның әйелдер-қыздар секторының облыстағы өкілі, мешіт ұстазы Диляром Бектаева шәкірттердің ілімдерін шыңдап, жаздың алғашқы айында оларды қосымша дайындық курсынан өткізген болатын. Медресеге оқуға қабылдар алдындағы сынақ емтихандарына сақадай сай дайын болуы үшін оларға Құран мен Мәбдал қырағаттан дәріс берді. Ал қазір қыздар медресесіне қанат қаққан Адина, Мейрамгүл, Күнсұлу, Жазира мен Гүлфайруз есімді бес шәкіртіміз ондағы бір айлық сауат ашу лагерінде оқып жатыр. Алғашқы күннен оптимистік қасиеттері мен белсенділік, білімпаздық қабілеттерін көрсетіп, лагерьде ұйымдастырылып жатқан іс-шараларға етене араласа бастаған олардың көштің алдыңғы сабынан көрінуі ұстаздары үшін үлкен абырой екені хақ.
Аталмыш лагерьде қазір аптаның бес күніне белгіленген сабақ кестесі бойынша дәрістер өтуде. Атап айтқанда, Құран мен дұғалар, Сенім (Ақида), Сияр, Әдеп, Тәжуид пен Қырағат пәндері оқытылуда. Одан бөлек қаланың көрікті жерлерін зиярат ету мен серуенге де арнайы уақыт бөлінген. Қыздар Шымкент дендросаябағында болып, қаланың жасыл желекке оранған тамаша табиғатын тамашалап, өзге де көрікті жерлерді зиярат етуде.
Курс соңында шәкірттердің білімі таразыланып, емтиханнан жақсы көрсеткіш көрсеткендер ғана медресеге оқуға қабылданады. Шәкірттеріміз бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, биылғы оқу жылында ислами білім ордасының табалдырығын аттайды деп үлкен сенім артамыз және шын жүректен сәттілік тілейміз. Алла қыздарымыздың ілімге деген ықыластарын арттырып, зейіндерін ашсын, жолдарын жеңілдетсін деп тілейміз.







ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
18.07.2017
4716
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру