Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ІЗГІЛІККЕ ҰЙЫТҚАН ИМАНИ ОТЫРЫС

ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі 01.07.2017 4513 0 пікір
ІЗГІЛІККЕ ҰЙЫТҚАН ИМАНИ ОТЫРЫС

Кеше «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің асханасында ақтөбелік әйелдер-қыздар секторы үлкен-кішіге бірдей ғибрат ұқтырған, Алланы ұлықтаған имани отырыста бас қосты. Шара басында Құран аяттары оқылды.

Рамазан айында мешітке діни сауат ашуға талаптанып келген барша шәкірттерге сабақ беріп, сауапты іс қылған әрі тәжірибеден өткен студенттеріміз бұл басқосуға ерекше дайындықпен келді. Олардың арнайы әзірлеген мерекелік бағдарламасына сәйкес ислам тарихынан түрлі көріністер қойылып, жанды дауыспен иләһи әндер шырқалды, екі дүние сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) Мұстафаға салауаттар жолданды. Рамазан айының қадір-қасиеті жайында шағын да қызықты қойылымдар сахналанып, оған сауат ашу курсының шәкірттерінен бөлек жасы үлкен апаларымызға дейін атсалысып, өнерден кенде емес екендіктерін көрсетті. Қосымша бейнероликтер көрсетіліп, қойылымдардан керемет әсер алған көрермендер де көңілді отырды.

Баршасын өткен айт мерекесімен құттықтаған мешіт ұстаздары Диляром Бектаева мен Кенжегүл Қошқарова шәкірттерді айттықтармен қуантып, әрқайсысына жекелей сыйлықтар табыстады. Соның ішінде, Рамазан айындағы діни сауат ашу курсының жұмысы қорытындыланып, оған қатысып, сабақ алған апалар, қыз-келіншектер тегіс марапатталды.

Одан бөлек ұстаздар мешіттің тоғыз айлық діни сауат ашу курсына қатынаушы тұрақты шәкірттердің арасында өмірдің жаңа бір белесіне қадам басқан ару қыздарымызға ақ жол тілеп, сыйлықтар үлестірді. Олардың бірі алтын ұя мектебінен түлеп ұшып, талапкер атанса, өзі таңдаған мамандықты толықтай игерген енді бір топ қыздар білімдерін қолындағы қос парақ Дипломдары қуаттап, болашақ маман иесі болмақ.

Мешіттен діни сауат ашып, алған ілімін медресе мен жоғары діни оқу орнында жалғастыруға ниет қылған қыздарымыз да екі айлық оқуларын аяқтап, бүгін Құран мен мәбдал қырағаттан соңғы сынақтарын тапсырды. Олардың ілім жолындағы ендігі аяқ алысы алдағы ақтық сында анықталады. Жас талабаларға сәт сапар тілеген ұстаздары өкіл имамның атынан мәңгі қазына болар кітаптарды сыйға тартып, ерекше қошемет көрсетті.

Барлық жастардың талпынысы мен талабына тәнті болған үлкендер ақ баталарын беріп, қадамдары құтты болуы үшін қол жайып дұға етті.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру