Атам қазақ: «Отыз күн оразаның бір айты бар», - деп атап көрсеткен үш күн де, міне, өтіп барады. Мағынасы «мерекелеу» дегенге саятын айт, шынында да, барша мұсылмандардың мерекесі: оны еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін сезінуге тиіс. Жүзден астам ұлыстың өкілдері мекендеген өңіріміздегі әрбір азамат мерекенің лебін сезінсе құба-құп. «Бір-біріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады» деген хадис осындайда ойға оралады. Айт мейрамымен құттықтап, айттық сұраған адамның бетін қайтармай, қолда барын аямаған бабаларымыздың дәстүрі жалғасын тауып келеді. Сондай-ақ жамағаттың мешітке жаңа киім, әтір сеуіп келуі де мейрамның бір нышаны болып табылады. Олар қол алысып, төс қағысып, бірін-бірі құттықтайды, ақ тілектерін арнады. Үйлерде де қарбалас басталады: көршілер бір-бірінің табалдырығынан аттап, дастарқаннан дәм татады, игі тілектерін білдіреді. Қысқасы, айт – «мерекелеу» деген атына заты сай мейрам.
Бұл мейрам айт намазымен басталады.
Күн найза бойы көтерілгенде басталатын айт намазы облысымыздағы барлық мешіттерде оқылды. Солардың бірі емес, бірегей – «Қызылжар» орталық мешітіне бір мыңнан астам жамағат жиналды. Әрине, олардың бәрі екінші қабаттағы негізгі залға сыймағандықтан, бірінші қабаттағы үлкен асханаға кілемдер төселіп, келушілер намазға жығылды.
Намаз басталмас бұрын оғант жиналғандарды ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы мен облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Ораза айтпен құттықтап, игі тілектерін білдірді. Одан кейін айт намазы оқылды. Намаздан кейін бәрі де мешіт асханасында таңғы астан дәм татты.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ СҚО өкілдігі
26.06.2017
3667
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру