Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Көкшеліктер айт мерекесін тойлады (ФОТО)

Бақыт Смағұл 26.06.2017 4523 0 пікір
Көкшеліктер айт мерекесін тойлады (ФОТО)

Мұсылман үшін қасиетті мереке – Ораза айт Көкше жерінде де ыстық ыждаһатпен тойланды. Рамазан айының оразасын ұстаған жамағат бұл ай бойы рухани байып, бір-біріне деген ізгілігі арттырды. Мұқтаждарға да қарасып, қамқорлыққа да көңіл бөлінді.

Енді міне, Айттың алғашқы күні Науан хазірет мешітіне жиналған жамағат иық тіресіп, намаздарын оқып, дұға тіледі. Ақмола облысының имамы Қуаныш Сәбит барша қауымды құттықтағасын, ұлттық ойын түрлері де бастау алды. Мешітті айнала киіз үйлер мен ақ шатыр тігіліп, келімді-кетімді адамдар дастарханнан айт дәмін татты.

Қап көтерген алыптар…

Жиырма бес-отыз келілік қапты көтеріп жарысқандар қатары аз болмады. Бір қойдың салмағы ғой бұл. Қазақтың ата салтында бар дәстүрлі ойын түрі. Білектері білеуленіп, күштері қайнаған жігіттер бірінен соң бірі қапты қанша көп көтерсе жеңіске жететінін білді. Бастапқыда көтеру межесі отыз беске келіп тоқтады. Біразға дейін бұл межені бағындыра алмағандардың сақтары сынды.

Берік Нұрғалиев алаңға шыққанда жұрт та тым-тырыс болды. Денесі алып көрінбесе де, салмақты қапты 60 рет көтерді. Кейінгілер де намысқа тырысып, осы межені бағындыруға тырысты. Бірақ, елу көтерген адам екінші орынды еншіледі. Осылай Берік Нұрғалиев жеңіс тұғырынан көрінді.

Белдесу де тартысты болды

Бір-бірін белдігінен мықтап ұстаған жігіттер кілемнен шықпауға амал жасады. Кім бірінші болып шығады, жеңіс екіншісінің еншісінде кетеді. Бұл жерде салмақ айырмашылығына қараған ешкім жоқ. Ірі денелі де, кішігірім салмақты белдесушілер айла жеңетінін түсінді.

Бұл жолы шығыс жекпе-жегінен белгілі жаттықтырушы, мешіт жамағаты, қажы бауырымыз Оралхан Қызбикенов қарсылас шыдатпай, бас жүлдеге ие болды.

Қол күресіп, күштерін шыңдады

Ораза айт құрметіне спорттық жарыстар қатарында қол күресушілер де өзара сайысты. Білек күшін көрсету жігерлілікті танытады. Әркім жеңіске жетуге талпынды. Сөйтіп, Дарижат бауырымыз өз қарсыластарын шақ келтірмей, басымдық танытты. Ол бас жүлдені иеленді.

Жеңіл көлікті сүйрегендер…

Арқанды мойнына іліп алып, жеңіл көлікті сүйрегендердің жарысы да тартымды өтті. Қазақтың жігіттері шынында мықты екен. Арасынан облыс имамы Қуаныш Сәбитті де көріп қалдық. Бір сәт оның сүйреген уақыты көпке дейін рекордты қалпында қалды.

Соңын ала бұл сайысқа жаңағы Оралхан Қызбикенов келіп қосылды. Сөйтті де, барлық көрсеткішті жаңартты. Бас жүлде оның «қанжығасында» кетті.

 Арқан тартып, асық атты…

Мешіт ауласындағы бұл ұлттық спорт түрлерінен жарыстар асық атумен жалғасын тапты. Үлкен де, кіші де қазақтың осы бір байырғы ойынына қызығушылық танытты. Бірінің асығы алшысынан түссе, екіншісі бүк түскен асығын көріп, көңілі қамықты. Бірақ, бұл ойын. Ешкім ренжіген жоқ. Оның үстіне қасиетті Ораза айт мерекесі құрметіне арналып отыр.

Арқан тарқан командалар да мерекенің көрігін қыздырды. Жер тарпып, табан тіресе де, алыптар сүйреген кезде жердің шаңы шыққан бұл көрініс шынымен елдің бар назарын аударды.  Арқан тартуда «Асылдар» командасы қарсылас шыдатпай, жеңіс тойын тойлады.

Ара-арасында ұлттық ойындарды көруге келген жамағатқа концерттік бағдарлама да ұсынылды. Белгілі әнші Аслан Мұхамедяров қазақтың қара домбырасымен әннен шашу шашты.

Барлық шара аяқталғасын мешіт асханасында айт шайы берілді. Бұл да арнайы дайындалған бағдарлама аясында өтті. Әртүрлі сауалнамалар қойылып, жауап тапқандарға естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

Ораза айты мерекесін тойлаған елге келесі имани мерекелерге жете беруге нәсіп етсін деген тілегімізді білдіреміз. Қазақтың осындай асыл дініне арнаған тойлары таусылмасын!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру