Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт намазы оқылды. Мейірімділік пен игіліктің, бірлік пен ізгіліктің, қайырымдылықтың мерекесі, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырған Ораза айт адамзат бойындағы имандылықты күшейтіп, кеңпейіл де қайырлы іс жасауға бастады.

Бүгін Ақжайық төріндегі Алланың үйінде қасиетті құран аяттары оқылып, орталық мешітінің наиб имамы Мұратбек Қыстаубаев Айт намазы мен Бірлік тақырыбында уағыз айтып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Ұлық айдың айт намазына облыстың әкімі Алтай Көлгінов орталық мешіттегі іс — шараға қатысып, жиналған жамағатты Ораза айт мерекесімен құттықтады.

Ардақты жамағат! Баршаңызды Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айы да аяқталды. Алла Тағала Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз бен құлшылық — ғибадаттарыңызды қабыл еткей. «Бүгінгі ұрпақ әлемдегі ең ізгі дін — ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», — деп Елбасымыз атап өткендей, ислам — барша адам баласын бейбітшілікке, амандыққа шақыратын дін. Ислам діні — бұл біздің ата — бабаларымыздың сандаған ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан салт—дәстүрлері мен әдет—ғұрыптарымен бірге біте қайнасып кеткен деуге болады. Бұл мемлекеттік саясаттың түрлі діндердің арасындағы қарым—қатынасты ұтымды реттеп отыруының жемісі. Еліміздегі ұлттар мен ұлыстар, діндер арқылы келісімнің баға жетпес құндылықтарын басшылыққа ала отырып, дініміздің асыл құндылықтарын өркениетті жолдармен насихаттауға қызмет етуде. Құрметті жерлестер! Баршаңызды Ораза айт мейрамымен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға береке—бірлік, барлық ізгі жақсылықтар тілеймін, — деді Алтай Сейдірұлы.

Ақтілектен кейін ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан қажы Сұлтановта қасиетті Рамазан айын өз дәрежесінде өткізіп алған жамағатты айтулы мерекемен құттықтады. Барша қауымға айттан айтқа, оразадан оразаға аман — сау жете берулеріне тілектестігін білдірді.

Облыс әкімі Алтай Сейдірұлы мешітте жиналған жамағатпен бірге болып, айт намазын өкіл имамның өзі оқып, орталық мешітінің жанындағы «Ақсақалдар» алқасының орынбасары Ғұмар Құрақов дұға жасады.

Айт намазынан кейін Қасиетті Ораза айының құрметіне мешіт ауласында ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігінің бастамасымен, облыстық дін істері басқармасының қолдауымен мешіттің жамағаттары арасында түрлі спорттық іс — шаралар ұйымдастырылып, атап айтқанда, арқан тарту, гір көтеру сайыстары өтіп, бағалы сыйлықтарды табыстады.

Игі шара қала, аудан, ауыл мешіттерінде өз жалғасын тапты.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Нұрлан САМАТҰЛЫ
26.06.2017
3373
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру