Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Иманғали» орталық мешітінде айт намазы оқылды (ФОТО)

ҚМДБ Атырау өкілдігі 25.06.2017 3656 0 пікір
«Иманғали» орталық мешітінде айт намазы оқылды (ФОТО)

«Иманғали» орталық мешітінде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де қасиетті Рамазан айының аяқталуына орай мерекелік Айт намазы оқылды. Айт намазына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы қатысып, жиылған жамағатты ораза айтымен құттықтады. Ә.Ибатоллаұлы елдің амандығын, күллі мұсылман қауымының қасиетті айда жасаған сауапты амалдарының қабыл болуын тіледі.

Әкім орынбасарының тілегін жалғаған ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы Айт намазының қадір-қасиеті мен оқылу тәртібін түсіндіріп,  жамағатқа уағыз-насихат айтты. Осыдан соң мешіттің іші-сыртын лық толтырған жамағат бас имамға ұйып, Айт намазын оқыды.

Айт намазы аяқталысымен, бірін-бірі Ораза Айт мерекесімен құттықтасып, құшақтасқан жамағат мешіт ауласында арнайы тігілген киіз үйлерде айт дастарханынан дәм ауыз тиді. Дастархан басында облыстық Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев жамағатқа ақжарма лебізін арнады.

Осылаша бір имамға ұйып, бір дастарханнан дәм ауыз тиген жамағат осыдан соң айт шарасына жалғасқан ұлттық спорт ойындарын тамашалады. Ал, спортсүйер жамағат қазақша күрес, кір тасын көтеру, қол күрес, қой көтеру, т.б. сынды спорттық ойын түрлерінен өзара бақ сынасты. Айта кету керек, қой көтеруден сынға түскен жеңімпаз балуан 103 кг. дейін қой малын көтеріп, көрермен қауымды білекке жиған қара күшімен тәнті етті. Және өзі көтерген қой малымен марапатталды. Шара соңында өзге де ойын түрлерінің  жеңімпаздарына сыйлық ретінде қой малы тарту етілді.

Осы уақыттарда ата-аналарынан бөлек балдырғандар ортасын құраған бүлдіршін балалар қызылды-жасыл батуттарда ойын қызығына батып, тіл үйірер тәттілерге қарық болды.

Алла Тағала айттан айтқа аман жетуімізді нәсіп еткей!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру