Ақтөбе қалалық орталық мешіті. Әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығы. Бұл - апа-әжелер мен қыз-келіншектердің бас қосатын қасиетті ордасы, діни іліммен сусындатып, қазақы дәстүрді дәріптейтін, оны кейінгі ұрпақ санасына сіңіретін бес түрлі мектеп құрылған киелі шаңырақ, дәстүр үйі.
Мұндағы әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығында оқитын апа-әжелер мен қыз-келіншектердің барлығы биылғы Рамазанда мейлінше мол сауапқа кенелуге тырысты. Мешіт ұстазы Бақыт Жүгінісова ай басында Құран хатымын бастап, шәкірттердің үлкен-кішісіне дейін күніге қалмай келіп жүрді. Осылайша зор сауабы бар істе жиналған 100-ден аса жамағат хатымды Қадір түніне орайластыра аяқтап, хатымның дұғасын оқып, іштен ізгі тілектерін тілеп жатты.
Құранды өздігінен көз жүгіртіп оқи алмаса да, ынтасы зор шәкірттердің бір тобы мешіт ұстаздарынан сабақ алып, тәжуидті үйренуге талап қылды. Осылайша жүйелі жалғасқан сабақтар мен зор ізденістің нәтижесінде Рамазан айының соңында 21 шәкірт Құранға түсіп, Хақтың сөзін арабша харакатымен, қатесіз оқуға қол жеткізді.
Күніге хатым мен Құран сабағына келіп жүрген шәкірттер ұстаздармен бірігіп, жақсы бір іске ой салды. Олар Рамазанда күн сайын жүз теңгеден, бірі одан да көп мөлшерде садақа салып, ай соңында жиналған қаражатты жоқ-жітікке үлестіреміз деп жоспарлаған болатын. Алайда, мұндай нәтиже болады деп өздері де күтпеген еді. Тиыннан 400 000-нан аса қаражат жиналып, бұл жағдайы төмен 22 жанұяға үлестіріліп, әрқайсысына 19000 теңгеден тиді. Одан бөлек жылдық зекетін берген жандардың есесінен көпбалалы отбасы мен 1 мүгедек, жетім қызға, су тасқынынан зардап шеккен тағы бір жанұяға қаржылай көмек беріліп, 9700 теңгеге жалғыз басты әйелдің коммуналдық қызметі төленді. Бастысы жамағаттың жақсы іске шын ниеттенгені мұқтажға жәрдем болып тиді.
Жақсылықта жарысқан жамағат мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ақтөбе қалалық орталық мешіті мен «Досжан хазірет» мешітінің жамағаты бірлесе отырып, әркім әкеле алғанынша қаппен күріш, қант әкеліп, барлық жиналған азық-түлікті 40 жанұяға 40 пакет етіп бөлді. Кейін оны үйді-үйдіне таратып, сауабы мол іс жасады.
Рамазанды осындай игі істермен өткізген мешіт ұстаздары мен шәкірттері әлі де талай сауапты істер атқаруға дайын.





ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі
24.06.2017
4154
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру