«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің жамағаты биылғы Қадір түнін ерекше қарсы алды.
Қадір түні хатым дұғасы оқылды
Кеше қасиетті айдың Қадір түнінде Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Құран хатымның дұғасы жасалды. Мешіт іші тарлық еткендіктен жамағат сыртында да сап түзеді.
«Нұрғасырлық» жамағатты Құран Кәрімнің кереметімен сусындатқан, түбі бір түркі елінен келген Яқуб есімді қариға бұл түні ерекше құрмет көрсетілді. «Ақтөбе медресесі» колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков оның иығына шапан жапты. Өкіл имам Төлеби Оспан естелікке сыйлық тарту етіп, барша жамағаттың алғысын жеткізді. Қадір түнін ақтөбелік жамағатпен бірге қарсы алған теолог Арман ұстаз Қуанышбаевқа да ақсақалдар алқасының мүшесі Бекежан қажы Ахан иығына шапан жауып, ерекше ілтипатын білдірді.
Тілектер қабыл етілетін, кез-келген құлшылықтың сауабы сан еселеніп, сексен үш жылдық ғибадаттың сыйы берілетін Қадір түні әр адам ішкі арман-тілегін айтып, қол жайып дұға етіп жатты. Қасиетті түннің қадіріне жараса құлшылық етіп, Жаратқаннан жарылқау тіледі.





«Нұр Ғасыр» мешітінде тұңғыш рет 2000 адамға сәресі дастарханы жайылды
Кеше қасиетті Қадір түнінде «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде жалпы саны 2000 адамға сәресі асы берілді. Тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан игі шараға жергілікті кәсіпкер азаматтар да атсалысты.
Соның ішінде, мешіт сыртына, ашық аспан астында жайылған сәресіне 1800 адам қатысты. Мешіт ауласына дастархан жайылып, дәм ұсынылды. Тәтті палаумен ауыз бекіткен жамағат мешіт ауласында шай-сусын ішіп, ауқаттанды. Дұға-тілектерін айтып, келесі күннің оразасына ниет етті. Жамағатқа мешіт қызметкерлері мен діни сауат ашу курсының шәкірттері жұмыла жүріп, қызмет көрсетті.
Ал мешіт асханасында 200 жанға сәресі дастарханы дайындалып, ас берілді. Оған кештің мешіттің жасы үлкен жамағаты – ақсақалдар мен әжелер қатысты.







Теолог Арман Қуанышбаев 10000-нан аса ақтөбелік жамағатпен кездесті
20-21 маусым күндері теолог Арман Қуанышбаев ақтөбелік жамағатпен кездесіп, қаланың төрт бірдей мешітінде уағыз-насихат жүргізді.
Алғашқы күні бесін намазынан кейін Арман ұстаз «Нұрдәулет» мешітінде, ал тарауих намазынан кейін қалалық орталық мешітте жамағатпен жүздесіп, оған 2350-ге жуық жамағат жиналды. Ал 21-і күні «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде өткен екі кездесуде 8000-ға жуық адам қамтылды. Жалпы 10000-нан аса жамағат ұстаздың уағызынан тағылым тыңдады.
Сұхбат барысында Арман ұстаз «Көркем мінезділік – мұсылманның асыл қасиеті», «Рамазаннан кейінгі тақуалық», «Ислам – даналыққа, білімге бастайтын жол» сынды бірқатар өзекті тақырыптарды қамтып өтті. Соның ішінде, деструктивті діни ағым өкілдерінің белгілерін атап, отбасы мәселелеріне де ерекше тоқталды. Талақ мәселесі, отбасын құру, бала асырап алу, некеге уәлидің қатысуы, ер азаматтың әйеліне жұмыс жасауға рұқсат бермеуі сынды тақырыптар кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар, өкіл имам Төлеби Оспан орайлы сәтті оңтайлы пайлаланып, арнайы nurgasyr.kz сайты үшін Арман ұстаздан сұхбат алған болатын. Сұхбат алдағы уақытта «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің ресми сайтында жарияланатын болады.




Ұстаз Арман Қуанышбаев жамағаттың 50 сауалына жауап берді
Қала мешіттерінде өткен төрт кездесуде Арман ұстаз жамағаттың 50 сауалына толық жауап берді. Оның ішінде, 20 маусым күні «Нұрдәулет» және Ақтөбе қалалық орталық мешітінде өткен кездесулерде 10 сауал тыңдалды. Ал «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде 40 сауал қамтылды.


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі
www.muftyat.kz
23.06.2017
5067
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру