Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақжайық  жұртшылығы қадір түнін қарсы алды (ФОТО)

Нұрлан САМАТҰЛЫ www.muftyat.kz 22.06.2017 3926 0 пікір
Ақжайық  жұртшылығы қадір түнін қарсы алды (ФОТО)

Ақжайық  жұртшылығы қадір түнін қарсы алды

Маусым  айының 21-нен 22-не қараған түні  Орал қаласының жұртшылығы қасиетті Қадір түнін қарсы алды. Облыстық орталық мешітіне жиналған жұрт мол болып, ауызашар дастарханы жайылды. Қадір түнін мешітте өткізуге келген жамағат Алладан отбасының амандығы мен туған туыстың тыныштығын тіледі.

Қадір кешінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қатысып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының БҚО бойынша Руслан қажы Сұлтанов жамағатпен жүздесіп, қасиетті Қадір түнімен құттықтады.

Облыс имамы Руслан Тыныштықұлы «Қадыр түні – ең жақсы түн. Алла Тағала оны берекелі етті, онда Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ, ол түнді мың айдан да артық етті. Ал мың ай сексен үш жылға тең келеді. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Алла Тағала Қадір түнін менің үмметіме сыйлық етіп берген. Мұндай нығмет бұрынғы үмметке бұйырмаған», – деп Сіз бен бізге сүйінші хабар айтып, шаттыққа бөлеген. Алла Тағала бір ай бойы ұстаған оразаларымыз бен Қадір түнінде жасаған дұғаларымызды, тілектерімізді қабыл еткей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Әрбір отбасына бақыт, береке тілеймін», - деп бата жасады.

Ал мешітке насихат тыңдауға келген қауым мешіт қызыметкерлері айтқан уағызды тыңдады. Түркия елінен келген Өзен Самет құран-хатым жасап, дұға тіледі. Облыс имамы Руслан қажы Сұлтанов қазақтың дәстүрімен иығына шапан жауып, Ақжайық жұртының шексіз алғысын жеткізді. 

Биыл күннің ыстық мезгіліне тап келсе де, оразаны қиналмай-ақ ұстағандарын айтқан жандар Қадір түнінде мешітте бас қосып, насихат тыңдап, тілек тілеумен таңды қарсы алды. облыстық орталық мешітінің наиб имамы Бауыржан Обалханұлы "Қадір түні" жайында уағыз айтып, қадір қасиетін түсіндіріп, келген жамағатты ауызбірлікке, ынтымаққа шақырды.

Ғұмар Құрақов, "Ақсақалдар" алқасының төрағасының орынбасары:

-  Қасиетті түнде қаламыздың халқы мешіттерде емін-еркін көпшілікпен намаз оқып, уағыз тыңдап, дініміздің руханиятынан нәр алуда. Әсіресе жастардың имандылыққа деген бет бұрысы қуантады. Бұл Жаратқанның елімізге берген үлкен сыйы. Жастар қандай болса, болашағымызда сондай. Қадір түнінде ұрпағымыздың ибалы, ізгі болуын, туған туыстарымыздың, отбасымыздың амандығын тілеп Алла Тағалаға дұға жасадым.

Жиналған таң сәрісін ішіп, таң намазын оқып, дұға жасап, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

 

Әйел жамағаты Құран Хатым дұғасын жасады

Қасиетті Қадір түні белгіленген сәтке тұспа-тұс ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы әйел-қыздар секторының жетекшілігімен әйел жамағаты Құран Хатым дұғасын жасады.

Күнделікті таңертеңнен құрандарын құшақтап, мешітке асығатын ақ жаулықты әжелер, апа-сіңлілеріміз үшін бүгінгі бұл Хатым дұғасы жасалатын күн ерекше әрі қимас сезімге толы болды.

Әйел жамағаты соңғы параны жапқан соң түрік елінін келген Өзен Самет қари еліміздің амандығын, жеріміздің тыныштығын, тәуелсіздігіміздің тұғырлығын, халқымыздың бірлігін Жаратқаннан сұрап, алақандарын жайып, дұға етті.

Қасиетті Рамазанда, Киелі Құран кәріммен жамағат болып бірлесе отырып қауышқан әйелдер қауымы ел тәуелсіздігінің баянды, жеріміздің берекелі, ұрпағымыздың иманды болуын тілеп, әрі мүбәрәк айдағы ораза-құлшылығымыздың қабыл болуын, тақуа да таза жүрекпен мұсылман болып жан тапсыруды, ұрпақтың амандығы мен жарқын болашағын, әр мүмінге қажылықтың нәсіп етуін, дерті барларға шипа, адасқандарға тура жол, үйсіздерге баспана, жетімдерге бауыр бүтіндігін, пайдалы ілім және әр мұсылманның дұға-тілектерінің қабыл болуын тіледі. 

Ұлық айдағы "Қадір" түніндегі  тілеген дұға-түлектер қабыл болсын, ағайын!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру