Бүгін Елорда төріндегі «Нұр Астана» орталық мешіті ораза айында осындай оңды істі атқарды. Орталық мешіт пен мешіт жанынан құрылған «Жақсылықта жарысайық» еріктілер тобы қаладағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік таратты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы қасиеті айда мешіт тарапынан мұқтаж отбасыларға рухани һәм материалдық тұрғыда әрқашан көмек көрсетілетінін жеткізді. «Рамазан – барша халықты біріктіретін, берекелі ай. Мешітіміз жыл бойына, әсіресе, ораза айында әртүрлі қайырымдылық шараларын көптеп өткізуге көңіл бөледі. Дініміз барша адамзат баласын бір-бірімізге мейірімді болып, бауырмалдық көрсетуге үндейді. Атқарылып отырған шаралар бұқараның ынтымақ-бірлігін арттырып, тұрмыс-тіршілігін түзеуді көздейді. Алла Тағала отбасыларыңызға амандық, береке нәсіп қылғай» деді наиб мүфти.
Айта кетсек, бүгінгі қайырымдылық шарасы аясында қаладағы тұрмысы төмен 40 отбасыға жалпы сомасы 400 мыңға жуық қаражатқа азық-түлік, тұрмыстық заттар алынған. Ал «Жақсылықта жарысайық» тобының белсенді жастары әрбір отбасыға тиесілі азық-түлік жүктерін үйді-үйлеріне жеткізіп берді. Игі істің шарапатын көрген отбасылар өз кезегінде дін өкілдеріне риясыз алғыс-тілектерін айтты.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
"Нұр Астана" орталық мешіті
19.06.2017
3539
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру