Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Иманғали» орталық мешітінде V облыстық Құран жарысы өтті (ФОТО)

ҚМДБ Атырау өкілдігі www.muftyat.kz 16.06.2017 4294 0 пікір
«Иманғали» орталық мешітінде V облыстық Құран жарысы өтті (ФОТО)

4-маусым күні "Иманғали" орталық мешітінде жас жамағаттар арасында «Құран жарыс» өтті. 12-24 жастар аралығындағы мешіт шәкірттері қатысқан сайыс «Иманғали» орталық мешіті және Атырау қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан V облыстық «Құран жарысының» биылғы шарасын ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы ашып, жиылған жамағатты Құран айы – Рамазан айымен құттықтады.

Өкіл имам айлардың сұлтаны, мың айдан да қадірлі Рамазан айында  Құран оқудың қайырлы құлшылықтардың қатарынан саналатынын айта келе, қатысушы үміткер жастарға сәттілік тіледі. «Сендердің жақсыларың – Құран үйреніп және оны өзгеге үйреткендерің», –деген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне сай амал етіп, Құранды оқумен қатар, жаттауға ықылас білдіріп жүрген өскелең ұрпақтың жыл санап көбейіп келе жатқаны бізді қуантады», – деді.

Ақпараттық-талдау орталығының дінтанушы мамандары Батырбек Убаев, Мейіржан Құлсымақов және мешіт ұстаздары, түркиялық Хусейн Кая, арабиялық Абдулазиз Зайд Абдулазиз Ахметтер әділқазылық еткен сайыс 2 номинация бойынша өтті. Біріншісі – Құранның ең соңғы 30-парасын жатқа айту, екіншісі – қатысушының еркі бойынша (өзі жаттаған сүрені) Құранды көркем оқу. Айта кету керек, 30-параны жатқа айту номинациясы бойынша 24 үміткер бақ сынаса, екінші номинация бойынша 12 шәкірт қатысты.

Сайыс қорытындысы бойынша доданың бас жүлдесі құрманғазылық Оразбеков Нұржанға (24 жас) бұйырып, Кіші қажылық (Умра) жолдамасына ие болды. Ал, Мақат ауданы атынан қатысқан Орынбасаров Серік (22 жас) жүлделі 1-орынды қанжығасына байлады. Жүлделі 2-орынға құрманғазылық Қабдуллаев Айдарбек (22 жас) табан тіресе, «Иманғали» орталық мешітінің шәкірті, оператор маман Жәнібеков Нұрайбек (18 жас) 3-орын биігінен көрінді.

Құранды көркем оқу сайысының қорытындысы бойынша Иманғалиев Саламат 1-орын, Берден Әлижан 2-орын, Нұрсұлтанов Дияр 3-орындарды иеленді.

Шараның жабылу салтанатына өкіл имам Батыржан Берденұлы және Атырау қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Бозбалиев Рафхат қатысып, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен (Бас жүлде – кіші қажылық жолдамасы, 1-орын – 100 000 теңге, 2-орын – 50 000 теңге, 3-орын – 30 000 теңге) марапаттады.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру