Ақтөбе мешіттерінің жамағаттары арасында облыстық Құран жарысы өтті. Жарысқа қала, аудан, ауыл мешіттерінен барлығы 60-қа жуық адам қатысты. Олардың ішінде, ең кішісі – сегіз жасар болашақ қариларға дейін болды.
Жарыс екі бағыт бойынша өтті. І бағыт «Духа» мен «Нас» сүрелері аралығында болса, ал ІІ бағыт 30-параны толық қамтыды. Жарыс кезінде қатысушылардың қырағатына, Құранды ережесімен, қатесіз оқуына және жаттау қабілетіне мән берілді. Нәтижесінде, І бағыт бойынша Мұғалжарлық балғын Нұрбек Ерғабылдың асығы алшысынан түсіп, жеңіске жетті. ІІ орын Хромтау ауданының қатысушысы Еламан Кенжеғалиевке, ІІІ орын «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің шәкірті Арнат Карамулдиновке және ІV орын «Досжан хазірет» мешітінің шәкірті Рахмет Қалыбаевке бұйырды. Ал Құранның 30-парасын толық жаттап, жарысқа түскендердің ішінен Алғалық Абдуллах Саликовтің айы оңынан туып жеңімпаз атанды. Ал одан кейінгі ІІ орынды «Нұр Ғасыр» мешітінің жамағатынан Ербол Ахметов иеленді. ІІІ орынға қалалық орталық мешітінің шәкірті Бекзат Тасболатов, ІV орынға «Нұрдәулет» мешітінің шәкірті Ислам Оразбаев лайық деп танылды. Жеңімпаздардың барлығына қаржылай сертификаттар табыс етілді. І бағыт бойынша 30 000, 20 000 және 10000 теңге, ал ІІ бағыт бойынша 50 000, 30 000, 20 000 және 10 000 теңге тағайындалды. Бұдан бөлек ерекше қабілетімен көзге түскен төрт қатысушыға 5000 теңгеден ынталандыру сыйлықтары беріліп, өзге қатысушылар Мадақтамалармен марапатталды.
Барлығына Құран Кәрім сыйға тарту етіліп, естелік ретінде тасбих, оюлы тақия менен мисуак салынған сыйлық дорбашалары үлестірілді.















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
«Нұр Ғасыр» мешіті
www.muftyat.kz
13.06.2017
4714
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру