
Қасиетті Рамазан айының кезекті күні, тарауих намазынан соң еліміздің белгілі исламтанушы, теолог Арман Қуанышбаев Елордаға келіп, «Нұр Астана» орталық мешіті жамағатымен жүздесті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы ораза айында мешітке тарауих намазын оқуға жиналатын жамағаттың дәстүрлі діни сауатын арттыру мақсатында белгілі дін ғалымдары шақырылып отыратынын айтқан болатын. Міне, бүгін сол "сабақты иненің сәтімен" наиб мүфти: «Діни басқармамыздағы білікті исламтанушы ғалымдарымызды сіздермен кездестіріп, асыл дініміздің құндылықтарынан білім алуларыңызға жағдай жасауды әркез дайынбыз. Бүгін, міне, баршаларыңызға белгілі Арман Қуанышбаев мешітімізге келіп, сіздермен салиқалы сұхбат құрып, сауалдарыңызға жауап беретін болады. Алла Тағала мешітімізде алған тәлім-тәрбие, насихаттарымызды игілікке асыруымызды нәсіп қылғай» – деді.
Сөз тізгінін қолына алған исламтанушы Арман Қуанышбаев ең алдымен ислам құндылықтары және жастар жайына кеңінен тоқталды. Содан дін ілімін игеруде ескеретін маңызды жайттарды баяндап, мұсылманның сипатына сын болар кемшіліктерді атап өтті де «Дін – әркім өз білімі, өз ой-пікірі, деңгейімен үкім шығарып, қорытынды жасай салатын нәрсе емес. Бұл саланың өз жауапты өкілі, білікті маманы, білімділері бар. Өкініштісі, қазіргі жастар арасында асығыс пікір айтып, шалыс қадам басып жататындар жиі кездеседі. Имамның айтқанына құлақ аспай, өзімбілемдікпен кетушілердің соңы қандай болғанын бүгінде баршаңыз көріп отырсыздар. Ислам, аты айтып тұрғандай, бейбіт, татулық, ынтымақ діні. Ислам қаттылықпен, өшпенділікпен емес, бәлки, асқан байыптылықпен, салмақтылықпен, өте көркем мәміледе насихатталады. Бүгінгі әлемде құлақ естіп, көз көріп отырған жағдайдың ешбірі ислам дінімен үйлеспейді. Керек десеңіз, кез келген дін, мәдениет – қоғамды тәртіпке келтіруге, тыныштықты сақтауға, өтірік айтпауға, тек қана жақсылық жасауға шақырады. Ал ислам болса, әлбетте, бейбітшілікке үндейді. Қоғамның құрылымы да адами құндылықтарды, адам құқықтарын сақтауды негізге алады. Сондықтан, әрбір іс-әрекетті ойланып, дұрыс пайымдап барып қана жасау қажет» – деді.
Сөз соңында ұстазымыз адам болмысында кездесетін кемшіліктерді жою мен артықшылықтарын арттыруды Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәуіріндегі уақиғалармен сабақтастыра айтып, жалпы мұсылман адамның сипаты көпке үлгі-өнеге болуы керектігін тілге тиек етті.
Уағыз соңынан мешіт жанындағы Рамазан шатырында 400 адамға арналған сәресі берілді.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
«Нұр Астана» орталық мешіті
www.muftyat.kz
12.06.2017
3742
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру