Ілім үйрену – құлшылық әрі әрбір мұсылманға міндет болған қырық парыздың бірі. Ал ізденіс пен ықыласқа толы осынау игі амалдың Рамазандағы сауабы тіптен бөлек. Осы орайда, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Рамазан айына арналған әйелдердің жазғы діни сауат ашу курсының сабақтары да басталып кеткен-тін. Мешіт ұстаздары Диляром Бектаева мен Кенжегүл Қошқарова шәкірттерге әліппе, ислам құқығы және Құран пәндерінен сабақ береді. Аталмыш курсқа ілімін одан әрі шыңдаймын деген шәкірттермен қоса қатарға жаңадан келіп қосылып жатқандар да бар. Барлығының ниеті бір – ілім үйреніп, Алла разылығын алу.
Шәкірттер мен ұстаздарымыз білім алумен қатар, осынау берекелі айда басқадай да сауапты амалдарды жасауға үлгеріп жүр. Күніге екі мезгіл хатымға қалмай қатысатын олар имамға ілесіп, Құранды жүзінен көз жүгірте оқиды. «Ауызашарға үлес қос!» деген тақырыпта жұма сайын жәрмеңке ұйымдастырып, одан түскен қаражатқа жамағатқа ауызашар беру де жоспарларында бар.
Күнұзақ қарбалас жұмыс, колледж, университеттегі оқуына да үлгеріп, үздік бағамен емтихан тапсырып жатқан студенттеріміз шаршамай, шама келгенше тарауих намазына да қатысуда. Қасиетті айдың кереметімен қауышуды, жақсы амалдарға жеті жүз есеге дейін сауап жазылатындығын ескерген олар Рамазанның әрбір сәтін сауаппен, салиқалы амалмен өткізбек.
Шәкірт тәрбиелеп шығару ісі де – шын ықыласты, қажырлы еңбекті қажет ететін құлшылық. Сондықтан да осынау игі жолда ерінбей тәлім беріп жүрген Кенжегүл және Диляром ұстаздарымыздың үкілі үмітін шәкірттері ақтап жатса нұр үстіне нұр. Ұстаздар қазір «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетіне және жазғы үш айлық курстарға шәкірт тәрбиелеу ісімен айналысуда. Оларға мәбдал және Құран сабақтары үйретілуде.
Біз, Алла ізгі амалдарда тұрақты болып, тақуалық еткен ұстаз-шәкірттерімізден разы болып, Рамазанда мол сауап бұйыртсын деп тілек тілеп қаламыз.








ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
«Нұр Ғасыр» мешіті
www.muftyat.kz
09.06.2017
3904
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру