Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҚТӨБЕ: Оразаның он күніндегі оңды істер (ФОТО)

ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі www.muftyat.kz 07.06.2017 3882 0 пікір
АҚТӨБЕ: Оразаның он күніндегі оңды істер (ФОТО)

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің қызметкерлері Рамазанда «Отыз күнге – отыз сауап» атты игі бастама қолға алынған болатын. Үздіксіз күніге жалғасқан игі акция аясында мешіт қызметкерлері мұқтаждығын жоғын өтеп, әлсізге көмек беріп, халықтың алғысына бөленуде.

2-күн: Тасқыннан зардап шеккендерге  көмек жеткізді

Алғашқы күні «Ғажап» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігіне азық-түлікпен көмек беріліп, бірнеше сөмкеге буылған балалардың киім-кешектері үлестірілді. Ал келесі күні мешіт қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен жандардың жәрдеміне асықты. Баспанасыз қалған 50-ге жуық отбасы қазір Қурайлы елдімекенін паналаған. Оларға мешіттің «Сен де үлес қос!» акциясының аясында азық-түлікпен, жылы киім-кешектермен көмек көрсетілді. Көлікке тиеліп, барлығы 15 кілем, одан өзге жамылғы, төсеніштер, сөмкемен киім-кешектер апарылып берілді. Азық-түліктен 100 кг макарон өнімдері, 50 кг ұн, 20 кг күріш, көкөністерден 50 кг картоп, 20 кг жуа, 10 кг сәбізді, сонымен қатар, 10 кг печенье, 20 дана күнбағыс майын және 15 дана құрманы отбасылар өзара бөлісіп алды.

 

3-күн: Мешітті мұнтаздай етіп тазалады

кцияның үшінші күнінде «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің сауат ашу курсының шәкірттері Жаңақоныс ауылында жаңадан бой көтерген «Бақытжан» мешітінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Мешіттің есік-терезелерін, әйнектерін сүртті. Кілемдерін тазалап, барлық жиһаз, бұйымдарды, орындықтарды құрғатып сүртті. Мешіт ауласындағы гүлдерге су құйып, суменен тамырына нәр барған тіршілікке тіл бітіргендей болды. Барлығы жұдырықтай жұмыла жұмыс жасап, мешітті мұнтаздай етіп тазалап шыққан шәкірттердің шаршағанының сыйы тек сауап болғай деп тілейміз.

 

4-күн: Ораза тұтқан жетпіс жанның сауабындай...

қтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің әйелдерге арналған діни сауат ашу курсында сабақ алатын апа-әжелеріміз қасиетті айды ерекше қуанышпен, құлшылыққа деген зор құлшыныспен қарсы алды. Алла разылығы үшін ауыз бекітіп қана қоймай, мешіттің асханасында ауызашар беріп, абзал іс жасады.

Бірі зейнетақысынан, енді бірі айлығынан аз-кем ақша үлестіріп, сауапты істе санаспастан күш біріктірген апа-әжелеріміз жамағатқа ауызашар дастарханын жайды. Бұл шара мешітте бастау алған «Отыз күнге – отыз сауап» атты игі бастаманың аясында жүзеге асырылып, оған барлығы 70 адам қатысты. Дәм басында апа-әжелеріміз жасы кіші қыз-келіншектермен ақыл-кеңестерімен бөлісіп, мешіт ұстаздары әр түрлі тақырыпта уағыз-насихаттар айтты.

5-күн: Құран жаттаған әжені Рамазанмен құттықтады

Отыз күнге отыз сауапты іс жоспарлаған «нұрғасырлықтар» бесінші күні қарт әжені зиярат етті. Ауызашарда әженің шаңырағына барып, шаттық сыйлайық деп шешкен шәкірттер әжені тосыннан қуантты. Оны берекелі Рамазан айының келуімен құттықтап, азық-түлік, ауызашарға тәтті дәмдер апарды. Ас әзірлігіне атсалысып, кең дастархан жайып, бәрі бірге осы шаңырақтан ауыз ашты.

 

6-күн: Сырқат балаларға сый жасады

Балғындардың мерекесінде  Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің қызметкерлері облыстық балалар ауруханасында болды. Онда ем алып жатқан сырқат балалардың көңілін сұрады. Ұстаздар өздері әзірлеген сыйлықтарын ұсынып, әр балаға берілген әуе шарлары  мерекенің иісін сездіріп, дара дорбаларға салынған тәттілер, жеміс-жидектер мен шырын сусындары тәттіге үйір балғындардың қалауын дәл тапқандай болды.  

 

7-күн: Қызылжарға көмек барды

Тасқынның салдарынан бүтін жанұясымен бірге баспанасыз қалған отбасылардың кейбірі бүгінде үкіметтен бөлінген жерге үйдің іргесін қалап, құрылыс жұмыстарын ендігі бастап кеткен. Жуырда «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің қызметкерлері Н.Шакизадаұлы, М. Әбішев, К.Қошқарова және Д.Бектаева дәл осы Қызылжар елдімекенінде болды.  Ондағы жанұялармен кездесіп, хал-ахуалымен танысып, сұхбаттасты. Мешіттің «Сен де үлес қос!» акциясының аясында 2 қап картоп, 25 кг макарон өнімдерін, 5кг шекер, 5 кг күріш, 5 л күнбағыс майын алып барып, теңдей үлестірді. Одан бөлек әкелінген 5 кілем, 15 келіге жуық әр түрлі ер, әйел және балалардың киім-кешектерін әр отбасы таңдауы бойынша бөлісіп алып, қажеттіліктеріне жаратты.

 

8-күн: Жарты құрма да - садақа

Рамазанның әр күнінде Раббының разылығына кенеліп, халықтың алғысын алған «нұрғасырлықтар» бүгін жамағатқа құрма таратты.

Мешіт ұстаздары Диляром Бектаева, Кенжегүл Қошқарова және әйелдерге арналған діни сауат ашу курсының шәкірттері шағын пакеттерге түйір-түйір құрмалардан үлестіре салып, әжелер мен апаларға, қыз-келіншектерге үлестірді. «Оразаларың қабыл болсын!» деген игі тілектерін арнады.

 

9-күн: Балалар үйіне базарлық

 

Мерекелерінде балғындарды елеусіз қалдырмайық деген ниетпен «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің қызметкерлері Алға балалар үйіне барды.

Көптің жәрдемімен жиналған қаражатқа балаларға көп ойыншықтар сатып алынды. Соның ішінде, жаздыгүні тебуге жеңіл самокаттар, түрлі түсті обручтар, құмда ойнауға арналған ыдыстар мен ойыншық тырмалар, суқұйғыштар, шелектер, баскетбол, волейбол, футбол ойынының әрқайсысының арнайы доптары, құрастыратын пазлдар мен шахмат ойынына дейін болды. Бұдан бөлек балалар үйіндегі барлық 90 балаға жеміс жидектер мен жеміс шырыны салынған арнайы сыйлықтар әзірленіп, тәтті балмұздақтар таратылды.

 

10-күн: Әйел жамағаты ауызашар берді

Мешіттің әйел жамағаты және сауат ашу курсының шәкірті Мекке апамыздың ұйымдастыруымен 100 адамға арналып ауызашар дастарханы жайылды.

Дастархан басында әжелеріміз пайдалы насихаттар, жас қыз-келіншектерге өсиеттерін айтып, қырық үйден тыйым көріп өскен қазақ қыздарының болашақ ана, бүтін бір отбасының ұйытқысы екендіктерін, сол үшін ана көрген тәрбиесінен, тектілігінен ажырамауы керектігін ескертті. Рамазандағы салиқалы амалдардың есепсіз сауабы жайлы айтып, әжелер өмірден көрген-түйгендерімен бөлісіп, Аллаға деген сенімнің кіршіксіз болуы керектігін керемет өмірлік мысалдармен айтып жеткізді. Мешіт ұстазы Диляром Бектаева Рамазан оразасының парыздығы жайында аят-хадистермен дәлел келтіріп, тұшымды уағыз-насихат айтты. Дәм соңында үлкендер батасын беріп, игі тілектерін арнады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру