Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ӘЙГІЛІ «КӨКЖАР» ӨТЕТІН КҮЙЛІ МЕКЕН немесе өкіл имамның Ойылға сапары (ФОТО)

«Нұр Ғасыр» мешіті www.muftyat.kz 05.06.2017 4929 0 пікір
ӘЙГІЛІ «КӨКЖАР» ӨТЕТІН КҮЙЛІ МЕКЕН немесе өкіл имамның Ойылға сапары (ФОТО)

Құтты мекен – Ақтөбе үшін биылғы берекелі Рамазан айы да құтты, қайырлы жаңалықтармен басталды. Өңіріміз оқу бітіріп келген 11 жоғары және 4 орта білімді діни мамандармен толығып, оның бірқатары қала, аудан мешіттеріне қызметке тартылды. Оның ішінде Ойыл ауданы да бар. Өткен жұмада имамы ауысқан бұл ауданға өкіл имам Төлеби Оспан іссапарлатып, арнайы барды. Әйгілі Көкжар жәрмеңкесі өтетін тарихи ауданның тыныс-тіршілігімен, діни ахуалымен танысып қайтты.

Ойылға жаңа имам тағайындалды

Облысымыздың солтүстік-батысында орналасқан Ойыл ауданында барлығы үш мешіт бар. Оның біреуі – аудан орталығы Ойыл ауылындағы жалғыз күмбезді мешіт. Өткен жұма күні аталмыш мешітке жаңадан Бас имам тағайындалды. Өкіл имам Төлеби Дәділұлы жамағат алдында Бас Мүфтидің бұйрығын оқып, жаңа имам Нұрсұлтан Серікұлын таныстырды. Бұған дейін имамдық қызметті атқарған Нұрлан Алпысбайұлына алғыс білдіріп, жаңадан тағайындалған имамға сәттіліктің серік болуын тіледі.

Бұл күні жамағат та мешітке әдеттегісінен көп жиналып, саптың соңы келесі бөлмеге дейін ығысты. Өңірдің өкіл имамының тақырыпқа сай жүргізген жұма уағызын тыңдаған ойылдықтар онымен жүзбе-жүз дидарласып, сауалдарын қойып, сұхбаттасты. Барлығы бір имамның артынан ұйып, жұма құлшылығын орындады.

Айта кетейік, жұмадан кейін өкіл имам аудан әкімдігінде болып, өңір басшысы Бұлбұл Күзембаевамен кездескен болатын. Аудандағы діни ахуалмен танысып, мешіттің қызметін жетілдіру, құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жөнінде пікір алмасты.

Бағбан имам бәріне үлгереді 

Жұмысшы тобы түстен кейін Амангелді ауылына жетті. Шағын ауыл десең де, мұндағы шатырлы үйлердің әрқайсысында тырбаныс пен тіршілік қатар қайнап жатыр. Тіпті ауылдың бас діндары – бағбаншы имамның өзі үйінің ауласына жеміс егіп, жемісін көруге ниет етіп, еңбек етіп жүр. Алланың қызметінен кейінгі орындағы бұл кәсібін ол бауырларымен бірігіп бастаған. Үйінің ауласына арнайы жылыжай жасаған ол әуелі осында жеміс дәндерін бөлек-бөлек ыдыстарға салып егеді. Кейін бойшаң болып өскен көшеттерді ауылдың шетіндегі су жағасына әкеліп, қайта отырғызады. Осылайша өзен суынан өзегіне қорек сіңіріп өскен көшеттер жақсы жеміс береді деген үміт мол.

Ауылдағы құлшылық үйінің жай-күйімен танысқан өкіл имам жамағатпен, ондағы ақсақалдармен де жүздесіп, жылы сұхбат жүргізгеннен кейін келесі ауылға жол тартты.

Ауыл имамының ауызашары

Саз аралас құмық жерлердің біртектестігінен болар, Ақжар ауылына жоспарлы уақытынан біраз кешеуілдеп жеткен жұмысшы тобы мұнда да мінәжат үйіне бас сұқты. Ауылдағы «Шағатай Хазірет» атындағы мешіт имамымен, жамағатымен кездесіп, мешіттің жай-күйімен танысты. Алланың қалауымен ауыл имамының шаңырағында ауыз ашып, құрметтеп жайған дастарханынан дәм ауыз тиіп кетті. Сәтті сапарын осылай аяқтаған жұмысшы топ сәресінде Ақтөбеге де келіп жетті.

o1

o2

o3

o4

o6

o7

o9

 o10

o8

fghj

fh

fhj

 o11

o13

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру