Қасиетті Рамазан айында Маңғыстау облысында жаңа мешіт ашылды. Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылында бой көтерген ғибадат үйінің ел игілігіне берілуіне арналған салтанат облыстық Бекет ата мешітінің азаншысы Қазақ Әлидің Құран оқуымен және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Смайыл Сейтбековтың дұға-тілегімен ашылды.
Қуанышты жиынға жиылған ауыл тұрғындарын облыс әкімі Ералы Тоғжанов Рамазан айымен және мешіттің ашылуымен құттықтады.
- Рамазан - бірлік пен елдіктің айы. Тәуелсіздіктің арқасында тіліміз бен дініміз қайтып оралып, әлемге танылдық. Мұның өзі еліміздегі дінаралық және этносаралық татулықтың арқасы. Мешіттеріміз жыл өткен сайын көбейіп келеді. Осы ашылып тұрған мешіт облыстағы 29-шы мешіт екен. Әр мешіт білім орталығы болуы тиіс, имандылықты халықтың жүрегіне жеткізетін орталық болуы керек, - деген өңір басшысы мешіттің бас имамы Жеңіс Сисенбаевқа қасиетті Құран кітабын тарту етті.
Халыққа құтты болсын айтқан өкіл имам Смайл Сүйерқұлұлы Қызыл жарты ай тарапынан қаржыландырылған Алла үйінің салынып бітуіне үлес қосқан азаматарға алғысын жеткізді. Сондай-ақ ол жиналғандарды мешітке келіп, асыл дінімізді тиісті дәрежеде үйренуге, имамдардан білмегенін сұрап-біліп жүруге шақырды. Сонда ғана ата-бабамыз ұстанған жолдан айнымай, түрлі ағымдардың жетегінде кетуден аулақ боламыз деп сөзін түйіндеді.
Смайыл Сейтбеков бұған дейін Қарақия аудандық мешітінде бас имам қызметін абыроймен атқарған бас имам Жеңіс Құлбайұлын жұртшылыққа таныстырып, мешіт жамағаты оқуы үшін Құран Кәрім сыйлады. Мешіттің лентасын Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов пен Сайын Шапағатов ауылдық ардагерлер төрағасы Жаңбыршин Терекбай ақсақал қиды.
Құттықтау-тілектерден кейін мешіт ішіне кірген жамағат өкіл имамға ұйып, жұма намазын оқыды.
Жаңа мешітте бір мезетте 300 ер адам және 50 әйел намаз оқи алады. Мұнда ерлер мен әйелдерге арналған дәрет алатын орындар бар. Сайын Шапағатов ауылдық округының әкімі Ғабиден Нұржаубаевтың айтуынша, көп ұзамай мешіт ауласы қоршалып, көгалдандыру және өзге де қосымша шағын құрылыстар салумен қатар имамға арналған тұрғын үй тұрғызу да қолға алынбақ.











ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Фатима МҰСТАЖАПҚЫЗЫ
www.muftyat.kz
05.06.2017
5101
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру