Бүгін – балғындардың мерекесі, періште пейілді балаларымыз батутта секіріп, бір мауқы қанғанша ойнайтын, алаңсыз асыр салатын, балмұздақ жеп, сыйлық алып, сый-құрметке бөленетін ерекше күн. Бірақ... Төл мерекесін аурухана кереуетінде өткізуге мәжбүр сырқат балалар бүгін бәрімен бірдей ашық алаңқайда жүгіріп, асфальтқа сурет сала алмайды. Көңілі қам балақайларды бүгінгі мерекелерінде назарсыз қалдырмай, көңілін сұрап, құттықтап қайтқан Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің қызметкерлері бүгін облыстық балалар ауруханасында болды.
Өкіл имамның қолдауымен өткен шарада мешіт қызметкерлері мен сауат ашу курсының шәкірттері аурухананың хирургия және кардиология бөлімшелерінде болып, онда ем алып жатқан сырқат балалардың көңілін сұрады. Оларды төл мерекелерімен және қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, ҚМДБ-ның әйелдер-қыздар секторының облыстағы өкілі Диляром Бектаева мен мешіт ұстазы Кенжегүл Қошқарова өздері әзірлеген сыйлықтарын ұсынды. Әр балаға берілген әуе шарлары мерекенің иісін сездіріп, дара дорбаларға салынған тәттілер, жеміс-жидектер мен шырын сусындары тәттіге үйір балғындардың қалауын дәл тапқандай болды. Екі бөлімше бойынша шамамен 70 балаға сыйлық беріліп, құрметке бөлінді. ҚМДБ-ның жастар ісі бөлімінің облыстағы өкілі Асылхан Темірханов балғындарға Алла шипа дарытсын деп дұға айтып, сырқаттарынан сауығуын тіледі.
Мешіт қызметкерлері жеткізген мерекелік сәлемдемеге мәз-мейрам болған балалардың аз да болса көңілдері ауланып, бір сәтке болса да жанға батқан сырқаттарын ұмытты. Араларында отадан жаңадан шығып жатқан балғындар да болды. Барлығы ризашылықтарын білдіріп, аға-апаларына алғыстарын айтты.




ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
«Нұр Ғасыр» мешіті
www.muftyat.kz
02.06.2017
3433
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру