ҚМДБ-ның Ақмола облысындағы өкілі, Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі мен Мәлік Ғабдуллин музейінің бірлесіп ұйымдастырған отызыншы жылдары қаймана қазақтың басына қара бұлт болып төнген ашаршылық пен қудалау құрбандарына арналған еске алу шарасына қатысып, Құран оқыды.
Науан хазірет пен Сәкеннің жалғыз ұлы Аян жерленген қазақ зиратында өткен бұл шараға Көкшетау қаласының зиялы қауым, жастар өкілдері мен жұртшылық қатысты. Жиналғандар алдында Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары Ғосман Төлегұл және Шияп Әлиев, ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Дуанбай Ыбырай, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл сөз сөйлеп, тарихтың ақ таңдақ болған беттеріндегі нәубет жылдарының тауқыметін тілге тиек етті.
Ақын, Қазақстан Республикасының «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Президент шәкіртақысының екі мәрте иегері Алмас Темірбай Сәкен Сейфуллинге арнау өлеңін оқып берді.
Осылай бұл аза тұту шарасынан кейін «Достық» үйінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиын өтті. Онда облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов сөз сөйлеп, қаралы жылдар жылнамасын ортаға салды. Қазақ жерінен тағдырларын тапқан өзге ұлт өкілдері де жүректі қозғар әңгімелерін айтты.











ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Науан хазірет мешіті
www.nasihat.kz
01.06.2017
4885
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру