Ақмола облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің мәжіліс залында ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілі, «Науан хазірет» мешітінің Бас имамы Қуаныш Сәбит Рамазан айының қарсаңында жергілікті журналистер қауымымен баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл кездесуге Көкшетау қалалық «Жақия қажы» мешітінің Бас имамы Серік Халықов, облыстық мешіттің іс басқарушысы Ерболат Шәріпов қатысты.
Алдымен сөз алған облыс имамы Қуаныш Сәбит қасиетті Рамазан айының тағылымы жайлы әңгіме қозғады. Шариғатта бұл ай кешірім әрі ізгілік айы саналады. Әр адам осы айдың тағылымын түсініп, тақуалыққа көбірек назар аударуы тиіс.
Сонымен бірге, облыстың мешіттерімен атқарылатын іс-шараларды да тілге тиек етті. Оразаға байланысты діни шаралар көптеп өткізіліп, қайырымдылыққа жан-жақты көңіл бөлінеді. Мешіттердің денінде ауызашарлар ұйымдастырылады.
Биылғы жылдың бір жақсы жаңалығы – оразаның әр күнінде айшықты шаралар қолға алынады. Әсіресе, жарапазан, сақар айту сияқты дәстүрлерді жаңғырту көзделеді. Тарауық намазына келетін сәбилерге тасбих айтқызып, жүректі жібітетін мейірімді істер жүзеге асырылмақ. «Жол үстіндегі ауызашар» айдарымен ұзын жолда жүрген шетелдік және сырт аумақтан қатынайтын жүргізушілерге Рамазан айының құрметіне сыйлықтар үлестіріліп, ауызашарлар беріледі.
Облыстың Бас имамы Қуаныш Сәбит биылғы пітір садақасы мөлшері 300 теңге болып белгіленгенін айтты. Әр мешіттерде тарауық намаздары оқылып, біразында Құран қатым етіледі.
Журналистер сауалдар қойып, оған толымды жауаптар алды.
Бақыт Смағұл.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
24.05.2017
3595
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру