Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Ақсақалдар шахматтан жарыс өткізді (ФОТО)

23.05.2017 3201 0 пікір

Аяғың талып, артық шаршамасаң да, шахмат – ойды шынықтыратын тамаша ойын. Піл мен патша, ат кейпіндегі әр түрлі тастармен ойналып, ой ұшқырлығын шыңдайтын бұл спорт түрін қала ақсақалдарының сүйіп ойнайтыны соншалық, бұл олардың хоббиіне айналған. Қариялардың кешкіқұрымғы көңілді басқосуына көрік сыйлап әрі олардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттырған жастар жақында шахматтан жарыс өткізді. Өңірдің өкіл имамы Төлеби Оспанның тікелей қолдауымен жүзеге асқан шараға ҚМДБ-ның «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің облыстағы өкілі Асылхан Темірханов мұрындық болды. Шараға ерікті жастар да бірдей атсалысты.

Әр қадамын аңдып басып, «ат» пен ақылды қатар жарыстырған ақсақалдар жұп-жұп болып бөлісіп ойнады. Ойында ойы жүйріктер озса, енді бірі екіншісіне тасын «жегізіп», қалыс қалып жатты. Әйтсе де, ақсақалдар әдемі де қызықты ойын көрсетті. Жастар өкілі Асылхан Темірханов белсенділік танытқан қариялардың баршасына алғысын білдіріп, арнайы Алғыс хаттармен марапаттады. Сыйлық та үлестірді. Салауатылыққа үндеген тамаша бастама жалғасын табады деп сенеміз.

 

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру