
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі діни сауат ашу курсының оқу бағдарламасы аяқталуына орай, жексенбі күні мешіт ұжымы мен шәкірттері табиғат аясына шығып, тағылымды демалыс өткізіп қайтты. Мешіт шәкірттерінің бір-бірімен етене араласып, бір үйдің баласындай бауырмал ұжым болып қалыптасуына табиғат аясындағы демалыстың үлесі ерекше болды деп айта аламыз. Діттеген жерге жете салысымен жабыла жүріп қолайлы орын қамдап, біріге қимылдаған шәкірттер әрекеті осыны ұқтырды. Бір тобы ас қамына кірісіп, ендігісі қураған отын жинап, қазан жағуға кіріскен шәкірттер, шынымен де, ұйымшыл болып шықты.
Ұжымдық демалыстың көркі спорттық ойындар екені даусыз. "Шұбар" демалыс аймағының басшылығы ойын алаңдарымен, тамақ пісіретін, 200 адам бір мезгілде тамақ іше алатын арнайы бастырмалары бар үлкен алаңды пайдалануға рұқсатын берді. Әр ұстаздың шәкірттері өзара топ болып, футбол мен волейболдан жарыс ұйымдастырды. Оның алдында болған арқан тартыс жарысы қызықты да тартысты өтті. Түс қайта қол күрестіріп, кір тасын көтеруден өзара жеңімпаз анықтап, қызықты сайысқа куә болды.
Ойын алаңдарындағы осылай қызықты сайыстардан соң мешіт шәкірттерінің арасындағы өнерлі жігіттер домбыра шанағынан күй саулатып, насихатқа толы термелер орындады.
Таза ауада жамағатпен құлшылық етудің өзі бір ғанибет. Сол табиғат аясындағы жамағатпен оқылған намаздан соң "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахмет бірлік пен бүліктің аражігін ажыратып, ауызбіршілікке үндейтұғын әсерлі уағыз айтты.













ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
23.05.2017
3568
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру