Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақмола облысы: Зияткер имам болу – уақыт талабы (ФОТО)

18.05.2017 3783 0 пікір

Заман ағымы алға жылжыған сайын діни насихатты да  уақыт талабына сай өткізу қажет етіледі. Ол үшін имамдардың біліктілігі жоғары болуы тиіс. Бұл мәселе жақында елордада өткен имамдардың Республикалық форумының күн тәртібінде қаралған еді.

Осы басқосуда арнайы тұжырымдама бекітіліп, осы заманның жаңа сипаттағы имамын қалыптастыру бағдарламасы жасалды. Ендігі жерде имам діни біліммен ғана емес, дүнияуи танымды, ел заңдарын, ар-ождан кодекстерін жете меңгеруі шарт.

Целиноград ауданының Бас имамы Әбілхан Жапишев баяндама жасап, форумнан туындаған міндеттер жөнінде  өз ойларын ортаға салды. Дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және оның жұмысын бағалауға барынша назар аударылатынын атап көрсетті.

Ең бастысы, мешіттер құлшылық орны ғана емес, рухани ошақ болуы қажет деген қағидаға имамдарда үлес қосу керек. Олардың білімділігі, мәмілегерлігі және тағы басқа сипаттары осы бағытта жаңашылдық негізде жандандырылуы қажет.

Аталған форумда екінші бір қабылданған құжат – Ханафи мазхабын насихаттап, оның құндылығын жамағат санасына сіңіру басты мұратқа айналса деген мақсат бар. Жергілікті мешіттерде ата-бабадан мирас болып келе жатқан бұл жолды дәріптеу мақсатында кең ауқымдағы жұмыстар жүргізілсе деген пікірлер де білдірілді. Бұл жөнінде Зеренді ауданының Бас имамы Қасымхан Ыдырысұлы баяндама оқыды.

Әркім осы құжаттар жайлы соны пікірлер айтып, өз ұсыныстарын талқыға салды. Ең бастысы, діни насихатты уақыт талабына сай жүргізу қажет екені баса айтылды.

Міне, жергілікті жерден келген дін қызметкерлері осылай өздері де ислами насихат жайлы мол мағұлмат алып, жаңа серпінде өз өңірлеріне аттанды.

Бақыт Смағұл.


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру