Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҚТӨБЕ: Мешіттерге мәуелі ағаштар отырғызылды (ФОТО)

15.05.2017 4450 0 пікір

Діни басқарманың тапсырмасына сай барлық қала, аудан мешіттерінде сенбілік жұмыстары ұйымдастырылуда. Бұл істе жұдырықтай жұмылған ақтөбелік мешіт жамағаттары да белсенділік танытты. Мешіт қызметкерлері мен ерікті жамағаты, жалпы саны 287 адам жұмылдырылған тазалық жұмыстары кезінде мешіт ауласы қоқыстан тазартылды, гүлдер мен көшеттер отырғызылып, көкжиек көгалдандырылды.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі сенбілік кезінде ер азаматтар мешіт ауласын қоқыстан, кесінді ағаш бұтақтарынан тазартып, тырмалады. Үйінді қоқыстар сыртқа шығарылды. Ағаштарды зиянкестерден залалсыздандыру үшін діңгектеріне ак жағылды. Топырақтары қопсытылып, суарылды. Сондай-ақ, тас төсеніштердің жиектері де  жаңартылып әктелді. Тазалық жұмыстарының соңында мешіттің наиб имамы Асылхан Темірханов Құран оқып, біріккен іске береке берген Жаратқанға мадақ айтты.

Естеріңізде болса, бұған дейін өкіл имамның бастамасымен мешіт ауласына және Әлия Молдағұлова атындағы көшеге барлығы 120 түптен астам тал егілген болатын. 

Бұдан өзге қала, аудан және ауыл мешіттерінде де тегіс сенбіліктер ұйымдастырылып, мешіт көркіне көрік қосып, айналасын көгалдандыру мақсатында жұмыстар жүрді. Діңгегі қураған ағаштарды алу үшін арнайы ауыр техника жұмылдырылып, оның орнына, сондай-ақ, жері тебілген жаңа бос орындарға ағаштар отырғызылды. Сауапты амалда санаспай, жақсылықты жарыса жасаған жамағат жаңадан отырғызылған жас шыбықтарды суарып, тамырларына тіршілік нәрін бітірді.

Жалпы қала, аудан және ауыл мешіттерінде барлығы 1169 әр түрлі өрік, алма, алмұрт сынды жеміс ағаштары мен қайың, қарағаштар да отырғызылды. Сондай-ақ, 1893 әр түрлі раушан, петунья, т.б. гүлдер егілді. Бұған қосымша мұсылман мазарларының сырты қоршалды.

Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады», - деген. Ақтөбе жамағаты еккен жеміс ағаштары мейлі бір жылда жемісін бермес, бірақ бірнеше жылдан кейін көгеріп, көктеген сәтіндегі көрінісі мешітке көрік қосып, жамағаттың қол дорбасын, ақыретке апарар жол дорбасын толтыратындай жыл сайын мол жемісті болғай.

 

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру