Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Иманғали» орталық мешітінде айлық отырыс болып өтті (ФОТО)

10.05.2017 3070 0 пікір

6 мамыр күні  «Иманғали» орталық мешітінде алыс-жақын жамағаттың басын қосқан рухани жиын болып өтті. Ай сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан айлық отырыстың осы жолғы көтерген тақырыбы Алла Тағаланың адамзатқа берген зор нығметі – уақыт мәселесі болды.  

Жиынды ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы Батыржан Берденұлы ашып, осы кеште уағыз айту міндеті жүктелген мешіттің наиб имамы Артық Жұмабекұлын жамағатпен таныстырып өтті.

Адам баласы қадіріне жете бермейтін уақыттың Алла Тағаланың адамзатқа нәсіп етілген ең үлкен сыйы екенін атап көрсеткен Артық Жұмабекұлы оны Аллы разы болатын іске жұмсаудың қайырлы амал болып саналатынын айтты.

«Көрер көзге өтпейтіндей болып көрінген бос өткен уақыттың адам баласын алып барар жері – өкініш, күнә - Тозақ. Өйткені, адам белгілі бір мақсатпен, яғни, Аллаға құлшылық ету үшін жаратылған. Осы ретте Алла Тағала әр күні орындалатын құлшылық-ғибадат уақыттарын да белгілеп қойған. Айталық, намаз уақытының кіріп-шыққанынан бейхабар қанша адам өз өмірінің текке өтіп жатқанынан хабарсыз жүр?! Ал, оның соңының өкініш, реніш, берекесіз өмірмен аяқталарын өмірдің өзі дәлелдеген шындық. Бұл уақыттың қайтымсыз, қайырымсыз қатал заң жүйесімен жылжып жатқанын көрсетеді. Олай болса, адам баласы өзіне берілген уақыттың қадірін біліп, оны ізгі істерге жұмсауы – парыз», – деді Артық Жұмабекұлы уағыз барысында.  

Келелі отырыс соңында жиылған жамағат өкіл имам Батыржан Берденұлы жайған Ақиқа дастарханынан дәм ауыз тиді.

 

 «Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру