Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әйелдер-қыздар секторы: Елбасы мақаласы елдікке үндейді (ФОТО)

03.05.2017 4006 0 пікір

ҚМДБ әйелдер-қыздар секторының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Диляром Бектаеваның ұйымдастырымен «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің асханасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған мешіттегі сауат ашу курсы шәкірттері қатысып, жиын басында  мемлекеттік Әнұран орындалды.

Мақала мазмұнымен танысып шыққан шәкірттер Елбасы көтерген өзекті мәселелерге қатысты пікірлерін білдіріп, қолдайтындықтарын жеткізді. Мешіт ұстазы Диляром Бектаева 2020 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу – Елбасының көрегенділікпен жасаған қадамы екендігін айтып, ғылым-білім дамыған, дүние жүзінде кеңінен қолданылатын шет тілдерді меңгерудің маңыздылығын атап кетті.

Қазақтың әдет-ғұрпында, тарихында да негізі жоқ – қара жамылуды әдет етіп, бетін тұмшалайтын қарагөздердің қателігін сынға алған Елбасының ескертпесі де ескерілді. Қара жамылуың қазақта жаман ырым екендігін тілге тиек еткен мешіт ұстазы қара түстің шариғатта да міндеттелмегендігін айтып, осыған қатысты шағын тренинг ұйымдастырды. Қыздарды жаулықтарындағы қара түсті ашық түстіге айырбастауға шақырып, қос бірдей шәкіртке ашық түсті орамал сыйға тартты.

Елбасы жайлы слайдшоу көрсетіліп, оның балалық шағы, өмірбаяны туралы мағлұмат берілді. Қосымша сұрақтар да қойыллы. Бұған қоса кітап бұрышы әзірленіп, оған газет-журналдар, Елбасының кітаптары қойылып, оқылымға ұсынылды.

Елбасы мақаласында қамтылған жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мәселесіне қатысты пікір білдірген Нұргүл есімді шәкірттің сөздерінен Қытай елінен өз атамекеніне оралып, қандастарымен қауышқандағы сағынышы, туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілігі байқалды. Балалық шағы басқа елде өткен оның мысалы өзгелерге  Отанның, ондағы бейбіт өмірдің қадірін бағалау керектігін ұғындырғандай болды.

Дөңгелек үстелдің соңында қатысушыларға «Иман» журналы таратылды.

 

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру