
Табиғат та тіл қатсаңыз, тілдеседі. Себебі, ол да – тіршілік. Ал табиғатпен тілдесу ондағы барша тіршілік иесін аялап, оған қамқорлық танытумен, саялы ағашына су құйып, тамырына тыныс беру арқылы жүзеге аспақ. Әсіресе, көк көбейіп, көкжиекте көк ала гүлдер құлпырып өсетін, құлақ құрышыңды қандыра қиқулап құстар сайрайтын көктем мезгілінде табиғат ерекше қамқорлықты қажет етеді.
Табиғатпен бетпе-бет тілдескен дін саласының бір топ қызметкерлері де жуырда қаладағы көшеге көшеттер отырғызды.
Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби Оспан және Ақтөбе облысы дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов, мешіт және мекеме қызметкерлері, сондай-ақ, «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының өкілдері бірігіп, Ә.Молдағұлованың атындағы көшенің бойына 20 түп тал екті. Бірлескен шара Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тікелей тапсырмасының аясында жүзеге асырылған болатын.
Бұдан бөлек бір топ зиялы қауым өкілдері мен қала мешіттерінің қызметкерлері де «Нұр Ғасыр облыстық орталық мешітінің ауласына тал көшеттерін отырғызды. Республикалық экологиялық «Байтақ болашақ» альянсы мен Ақтөбе облысы өкілдігінің бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асқан игі шараға «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы РБК президенті Азаматхан Әміртаев, аталмыш мекеменің облыстағы өкілі Бекарыстан Мырзабай, мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Елекеев, «Нұр Ғасыр облыстық орталық мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы Амантай Садиев және бір топ мешіт қызметкерлері қатысып, мешіт ауласына жалпы саны 50 жеміс ағаштары мен қарағаштар отырғызды. Ал қаладағы өзге мешіттерге 49 түп ағаш егіліп, көгалдандырылды.
Алланың 99 есімінің құрметіне есептеліп егілген 99 түп талдың әрқайсысы – келешектің іргесіне қағылған кірпіш секілді. Ондаған жылдардан кейін ғана жеміс беріп, саясы көпке көлеңке болып, қызмет ететін бұл тіршілік иелерін атадан қалған аманат деп білген жөн және әрине, әрбір жан табиғатқа қамқорлық танытуы керек.
Тіршілік атаулы қайта түлейтін көктем мезгілінде көкті көбейтіп, қала көркіне көрік қосу – сауапты ғана емес, салауаттылықты насихаттайтын салмақты іс. Әрі ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
29.04.2017
4360
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру