Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы: Мүгедек бүлдіршіні бар жалғыз басты анаға жасалған жақсылық (ФОТО)

19.04.2017 4479 0 пікір

Алматы Орталық мешіті, «Жалпы және жастар ісі» бөлімі жанынан құрылған «Сәлем» еріктілер тобы мен «Төле би» мешітінің Бас имамы Сейтбек Әбдірахымұлы  бірігіп, балалардың целебралды сал ауруына (ДЦП) шалдыққан, онымен қоса көру және есту қабілетінен айрылған Исмаил Жанерке атты 5 жасар мүгедек қыздың еміне арнап «Қайырымдылық жәрмеңкесін» өткізді, яғни осы аталмыш жәрмеңкеден түскен қаражаттың бәрі Жанерке мен оның анасының мұқтажына жұмсалған.

Жәрмеңкеде тәтті тағамдар, сусындар, қол өнер бұйымдары сатылып, арнайы садақа жәшігі қойылды. Жанерке мен оның анасының мүшкіл жағдайына бейжай қарай алмаған мешіт жамағаты сатылымға қойылған заттар мен тәтті тағамдарды  лезде сатып алып, шараның көп ұзамай аяқталуына себепші болды.  

Айта кетерлік жайт, жәрмеңке ұйымдастырмас бұрын Гүлзат Акурпикова бастаған, мешітке қарасты «Діни сауат ашу» курсында дәріс алатын қыз-келіншектер,  Жанерке мен оның жалғыз басты анасының тұратын жерін көріп, өмірдің қандай ауыр тауқыметін көрсе де  мүгедек қызын жалғыз өзі асырап, бағып отырған ананың жай-күйін біліп, сол жолы жалғыз басты анаға, оның қызы Жанеркеге қандай дүниелердің қажет екенін байқап, ой елегінен өткізіп қайтқан болатын.

Алланың қалауымен, жаны жайсаң, иманды жандардың күшімен  арнайы «Қайырымдылық жәрмеңкесі» өткізіліп, түскен қаражатқа мұқтаж жандарға өздері қажет деп шешкен дүниелер сатып алынды. Жанеркені отырғызып, қыдыртуға алып шығатын қол арба, киім-кешек және дәрі-дәрмектерінен бөлек қаржылай да көмек көрсетілді. Көңілі жабырқаулы жалғыз басты анаға рухани уағыз айтып,  азық – түлігін және қажетті үй жабдықтарына жәрдемдесті.

Шағын тоңазытқыш пен ыдыс аяқ, кір жайғыш құралы мен тағы да үй тұрмысына қажетті ұсақ -түйек жабдықтарды сыйға алған ананың қуанышында шек болмай, көзіне қуаныш жасы үйірілді. Жалғыз басты ана - қызы Жанерке мен өзінің тағдырына бейжайлық танытпай қиын-қыстау кезде қол ұшын созған  барша жамағатқа жүрекжарды алғысын айтты.

Жанерке мен оның анасына және де тағдыры осыларға ұқсас қашама жалғыз басты аналарға  Алла Тағала жеңілдігін берсін!

 

Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру