
Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі әйелдерге арналған жексенбілік уағыз үрдісі жаңаша форматта жалғасып, өткен аптада діни сауат ашу курсының шәкірттері сабақ жүргізді.
«Мен таңдаған мамандық» деген атпен бастау алған жексенбілік сабақтар топтамасы мынадай мақсатты көздеді: жастарға таңдаған мамандықты толықтай игерудің маңыздылығын түсіндіру, жақсы маман иесі болып, адал кәсіппен елдің де, діннің де игілігіне еңбек етуге баулу, сондай-ақ, шәкірттерді әр түрлі сала бойынша сауаттандыру.
Игі бастаманың шымылдығын ашқан аруларымыз – медицина саласының болашақ мамандары «Адамның ағзасы – Алланың аманаты» тақырыбында танымдық сабақ жүргізді. Атап айтқанда, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина университетінің студенттері Каймолдина Таншолпан, Әлімжан Әсел, Базарбай Ақжарқын, Умбетбаева Ботакоз, Жаңатілекова Нұржауған, Ерсулу Сағиданова және Айнұр Өтегенова.
Сабаққа сақадай сай дайындықпен келген шәкірттердің әрқайсысы ақ орамалдарына жарастыра ақ халат киіп келді. Бұл ақ түс маған адам жанына арашашы бола білетін Гиппократ анты иелерінің ақ пейілдерінің белгісіндей болып көрінді.
Болашақ дәрігер қыздарымыз ұстаздар мен шәкірттерге медицина саласынан мол пайдалы мағлұмат берді. Өздері таңдаған мамандықтарының қыр-сырымен бөлісіп, әр түрлі аурулардың пайда болу себебі, олардың алдын алу, күнделікті денсаулық күтімі туралы тың әрі қызықты ақпараттар ұсынды. Сондай-ақ, денсаулықты бар кезінде бағалау, ауруға сабыр ету жайлы Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) хадистерін келтіріп, сүннет бойынша емделу жолдарын атап өтті. Соның ішінде, қан алдырудың, Құранда аты аталған жемістерді, құрма, зәйтүн, бал сынды тағам түрлерінің пайдасына тоқталып кетті. Себебі Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) өзі: «Ақиқатында қан алу сауықтырады» - деген болатын. Және бір хадисінде: «Ауруды жаратқан Алла Тағала сол ауруға емді де қоса жаратқандығын» айтып, кез-келген кеселдің емі барын ескерткен.
![]()
Сабақ барысында Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) тамақтану әдебі туралы қызықты викториналық ойын ұйымдастырылып, сүннетке сай тамақтанудың артықшылықтары, денсаулыққа пайдасы, ондағы жасырынған хикмет жайында айтылды. Сондай-ақ, қатысушылар әр түрлі тақырыпта сауалдар жолдап, сәйкесінше жауап алды.
ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша әйелдер-қыздар секторының меңгерушісі Диляром Бектаева адам – Алла жаратқан жаратылыстардың ішіндегі ең ардақтысы, ал адамның он екі мүшесінің саулығы – ұлы аманат екендігін баса айтты. Сондықтан жастардың, әсіресе, дүниеге ұрпақ әкелетін қыз балалардың саулық күтіміне мұқият қарауы керектігін ескертті. Тәлімі мол танымдық сабақ жүргізген шәкірттерге шын жүректен алғыс білдіріп, білікті маман иесі болыңдар деген тілегін жеткізді.
Мешіт ұстаздарының айтуынша, мұндай бастаманы қолға алуға түрткі болған жағдай – соңғы кезде исламға бет бұрған қаракөздеріміздің дүнияуи білімге баса мән бермеуі. Дінді таңдау – дүниені тәрк ету деп түсініп, шариғатты шектеуі.
Расымен де, бүгінде діни көзқарасы үшін көптеген қыздарымыз орта жолдан оқуын тастап кетіп, кейбірінің өмір бойғы армандары аяқсыз қалып жатады. Кейін қоғамда «бәлкім ислам қыз баланың білім алуына мүмкіндік бермейді» деген кінәмшіл, қате пікір, сыни көзқарас пайда болады. Ал мұның астарына үңіле бермейтін қаракөздеріміз мұсылман адам өз мамандығын игерген мықты маман болу арқылы үмметтің игілігіне қаншалықты зор үлес қоса алатындығын ойламайды.
Мұсылманның мойнындағы қырық парызының бірі – тал бесікте өсіп, жетіліп, жер бесікке жеткенше білім іздену, ілім алу, үйрену. Көңілдегі күмәнді кетіріп, амалды кемел түрде, қатесіз орындауымызды қамтамасыз ететін, екі дүниеде де дәрежемізді көтеретін білім – бұл біздің өмір жолымызға бағыт-бағдар беретін нұр іспеттес. Алланың алғашқы аяты да адамзатты оқуға бұйырып, білімнің маңыздылығын айқындай түскен. Ендеше, ілім үйренуде енжарлық танытып, қолды кеш сермедікке қалуға болмайды.
Жаңа тың форматта ұсынылған сабақ шәкірттердің білімін шыңдап қана қоймай, оларға білім алудың, белгілі бір мамандықты игерудің маңыздылығын ұғындыруға баса мән береді. Игі бастама алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
18.04.2017
3702
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру