Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өскемен: Мини-футболдан халықаралық жолдастық кездесу өтті (ФОТО)

18.04.2017 3258 0 пікір

Салауатты өмір салтын сақтау, шеттегі қандастарымызбен байланысты арттыру, асыл дініміздегі бауырмалдық құндылықтарды насихаттау, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосу мақсатында, ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі Ресей Федерациясы Алтай Республикасы Діни басқармасының мешіт жамағаттар арасында мини-футболдан халықаралық жолдастық кездесу өткізді.

Мини-футбол сайысына Ресейлік жамағаттан 2, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен аймағынан 6, барлығы 8 команда шаршы алаңда теңбіл доп сайысын қыздырды.

Сайысты тамашалауға мешіт жамағаттары да молынан жиналды.

Ойындар аса тартысты, қызықты өтті. Ойыншылар да жарыста аянып қалған жоқ, барлық күш-жігерлерін салып бақты. Кілең сайдың тасындай іріктелген спортшылар көрермендерді нағыз доданың әсеріне бөледі.

Тартысты, ұтымды ойын үлгісін көрсетіп, қарсыластарын түгелдей айқын басымдықпен ұтқан Ресейдің  Алтай Республикасы Қосағаш ауданынан келген «Кош-Агач» командасы 1-орынға ие болып, марапат, алтын медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Өскемен орталық мешіті» командасы 2-орын, «Защита» мешітінің «Бейбарыс» командасы 3-орынды иеленіп, күміс және қола медальдармен марапатталды.

Марапаттау рәсімінде ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Қасболатұлы: «Біздің арамызды шекара сызығы бөліп жатқанымен, дініміз бір, тіліміз бір, діліміз бір, құндылықтарымыз ортақ қандас жандармыз. Біз қай кезде де алыстағы бауырларымызбен барыс-келісті жақсартуға, ынтымақтастықты одан ары дамытуға ынталымыз. Ұлтымыздың рухани құндылығын бірге қастерлеп, дамыта берейік. Өзара бірлігімізді арттыру, байланысты жақсарту мақсатында осы сайысты ұйымдастырып отырмыз», - дей келе, Өскемен өкілдігінің шақыруын қабылдап, бастамасын қолдап спортшыларын жіберген Алтай Республикасының Дін басқармасының Бас мүфтиі Жанболат хазіретке алғыс жолдады. Спортшыларға сәттілік тілеп, алда осындай кездесулер ұйымдастырылатындығын айтып өтті.

Ресейлік спортшыларды бастап келген «Қосағаш» мешітінің қызметкері екіжақты байланысты арттыру бағытындағы осындай шара ұйымдастырған Өскемен аймағының өкілдігіне шынайы алғысын білдірді.

 

Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру