Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы: Қымыз науқанынан хабаршы «Қымызмұрындық» шарасы өтті (ФОТО)

18.04.2017 4794 0 пікір

ҚМДБ "Әйелдер-қыздар" секторының бастамасымен, Алматы қаласы Наурызбай ауданы «Абу Бакр» мешітінде «Қымызмұрындық» шарасы өтті. Шара "Дін мен дәстүр" аясында ұмыт болып бара жатқан ата-баба салт-дәстүрін жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды.

Ұлттық салт-дәстүрімізде халық санасынан мүлдем ұмытылып, тойланбай келе жатқан жалпы халықтық мейрамдарымыздың бірі – ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ.

Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу дәстүрі, яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен беріледі. Халықтың бұл дәстүрі де қонақжайлықты, жомарттық пен мәрттікті, бірлікті меңзейді.

Аталған іс-шараға Наурызбай ауданы мешіттерінің барлық Бас имамдары мен мешіттеріміздің белсенді әйел жамағаттары үлес қосты.

Іс-шараға арнайы Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы шақырылды. Құранмен бастау алған дәстүрімізді ары қарай Н. Әуесханұлы жалғастырып, қымыздың сан алуан пайдалы тұстарынан айта келе, өзге ұлт өкілдерінің де таңдай қаққан тұстарынан сөз қозғады. Келесі сөз кезегі ұсынылған Наурызбай ауданының Бас имамы Ахметов Мәди Айдарханұлы жиналған жамағатқа дәстүріміздің тереңдігін айтып қымыздың онға жуық түрлерімен таныстырды.


Ғасыр жасаған Жамбыл Жабаев ақын атамыз:
...Үйірілген сары алтындай сары қымыз,
Ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз.
Елімнің баяғыдай сүйген асы,
Шығаршы тағы нең бар кәрі қымыз, -
деп жырлаған екен. Бұның өзі қымыздың қасиеті мен бірге оның түрлерінің көп екенін аңғартады.

ҚМДБ-ның Алматы қаласы  "Әйелдер-қыздар" секторының басшысы Ахметова Маржанқыз жиналған әйел жамағаттарына дін мен дәстүрдің ұштасқан тұстарынан сөзге тиек етіп, «Мақсатымыз Алланы еске алу» тақырыбында уағыз-насихат айтты.  «Абу Бакр» мешітінің әйел жамағаттары дәстүрімізге сай қойылымдар қойып, жиынды дін мен дәстүр аясындағы сұрақ-жауаптармен аяқтады. Жиын соңында жамағатқа дәстүрлік тағамдардан дастархан жайылды. Ескере кететін жайт, аталмыш шара жақында ғана құрылған "Әйелдер-қыздар" секторының  бастамасымен тұңғыш рет атқарылып отыр.

Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру