Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақмола облысында «Нұрлы мінбер» сайысы мәресіне жетті (ФОТО)

17.04.2017 3666 0 пікір

Биыл тұңғыш рет елімізде әр деңгейдегі мешіт имамдарының «Нұрлы мінбер» атты интеллектуалдық білім сайысы өткізілгелі отыр. Қазір жер-жерде осы алқалы жарысқа үміткерлерді іріктеу шаралары бастау алды.

Жақында Науан хазірет мешітінде Ақмола облысы имамдарының  «Нұрлы мінбер» сайысы мәресіне жетті. Оған әр ауданнан үміткерлер қатысты.

Сайыстың алғашқы «Сәлем – сөздің атасы» кезеңінде имамдар өздерін таныстырды. Бірі арнайы жасап әкелген слайд арқылы, енді бірі жыр шумақтарымен өмір жолдарын суреттеп берді. Облыс имамы Қанат Қыдырмин, Шоқан Уәлиханов  атындағы мемлекеттік университеттің профессоры Сәбит Жәмбек, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, журналист Бақыт Смағұл және мешіттің наиб имамы, теолог Нұрлан Бақбасаров әділқазылық етіп, әр кезең бойынша имамдардың танымдарын бағалады.

Екінші кезең «Бәйге» деп аталды. Бұл жолы барлығы отыз сұрақ қойылып, жауабын дұрыс тапқан сайыскерлер жоғары бағаға ие болды. Мұнда тек шариғи сауалдар ғана емес, дүниеауи сұрақтар да ұсынылды. Имам да өзіміз сияқты қарапайм адам, бірде жауапты жедел тауып, келесісінде мүдіріп, сүрініп те жатты.

Үшінші кезеңде ұяшықтарға жасырылған ақида, ислам тарихы, фиқһ, Құран, Ата заң, имамның тұлғалық келбеті мен мұсылмандар тұғырнамасы тақырыптары бойынша сауалдар жан-жақты білімділікті қажет еткен еді. Намысқа тырысып, бір-бірімен жарысқан имамдар көп көріністерде сауалдарға дөп жауап тауып жатты.

Төртінші және бесінші кезеңдердің де өз ерекшеліктері болды. Әркім өзінің қал-қадірінше сайыстың келесі кезеңіне өту үшін барын салды. Сөйтіп, Краснояр кенті мешітінің бас имамы Науан Мүтәлұлы мен Целиноград ауданы Қосшы ауылындағы Бөгенбай батыр мешітінің наиб имамы Серікжан Камалаш соңғы сынаққа жолдама алды.

Енді екі сайыскер уағыз айтып жарысты. Мұнда имамның сөз саптауы, сөйлеу мәнері, халықты өзіне баурап алуы және  Құран, хадистерді, мақал-мәтелдерді білуі басты назарға алынды. Қорытындысында Науан Мүтәлұлы бас жүлдені, ал, қалған екі орынды Серікжан Камалаш пен Степногорск қалалық мешітінің бас имамы Алмас Әубәкіров өзара бөлісті. Осылай  бас жүлде алған сайыскер республикалық жарыста облыс намысын қорғайтын болады.


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру