Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тарихпен тілдестірген тағылымға толы басқосу (ФОТО)

11.04.2017 3349 0 пікір

Сонау қарахандықтардың дәуірінде тарихы исламмен ұштасып бастаған Қазақ халқы қашан да дініне берік, иманы кәміл, текті халық болған. Бүгінде қазаққа дінсіз деп күйе жағатындар жалған жала жабумен бірге қазақтың бүтін тарихын бұрмалап, оны жоққа шығарғысы келеді. Алайда, Хақтың ақиқат жолынан ажырамаған халқымыз ата-анаға құрмет, бала тәрбиесі, отбасы құндылықтарын сақтау сынды мәселелердің барлығында исламның өзегінен нәр алған, салт-дәстүрін де дінмен сабақтастырған. Су астына жасырынған қазынадай тамыры тереңде жатқан тарихымыздан ұрпақ тәлім алсын, тағылым ұқсын деген мақсатта ҚМДБ өткен 2016 жылды – «Дін және тарих тағылымы жылы» деп жариялаған болатын.

Осы ретте, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің жыл басында бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес өткен аптада «Руханият» мұражайында «Дін және тарих тағылымы» атты конференция өтті. Оған өкіл имам Төлеби Оспан, тарихшы-өлкетанушы Бегарыстан Мырзабаев, «Ақтөбе медресесі колледжінің» директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков, колледж ұстаздары мен шәкірттері, қала имамдары және БАҚ өкілдері қатысты.  

Кездесуде бүгінгі өскелең ұрпаққа тарихын танытудың, оны қастерлеудің маңызы туралы сөз болды. Өкіл имам Төлеби Оспан ел билеген хан, көсемдердің өздері ислам заңын басшылыққа алғандығы, "Алланың өзі де рас, сөзі де рас" екендігін айтқан Абайдың, «Мұсылманшылық шартын» жазған Шәкәрімнің еңбектері, қаламыздағы «Руханият» мұражайының өзі тарихымыздың исламмен үндестігін айғақтай түсетіндігін тілге тиек етті. «Әбілхайыр хан» мемориалдық музейінің меңгерушісі, тарихшы-өлкетанушы Бегарыстан Боранқұлұлы Ақтөбе өңіріндегі елдің игілігіне, діннің дамуына сүбелі үлес қосқан, Тахауи Ахтанов сынды тарихта есімі таңбаланған бірқатар тұлғалардың есімдерін атап, олар жайлы тың деректер келтірді.

Ақтөбе өлкесіндегі діннің таралуына үлес қосқан, бүгінде қаңқасы ғана қалған медресе, мешіттер жайлы айтқан «Ақтөбе медресесі колледжінің» директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков аталмыш екі егіз ұғымның исламның қанат жаюында үлкен еңбек сіңіретін тәлім, тәрбие мектебі екендігін жеткізді. Ал тарихтың таусылмас бұлақ, жұталмас қазына екендігін айтқан қала имамы Амантай Садиев келешек ұрпаққа тарихын таныту - аға буынға аманат деді және осы мақсатта ұйымдасқан бүгінгі басқосудың маңызына тоқталды.   

Кездесу соңында мұражайдың ғылыми қызметкері Айзагүл Жамбулова конференцияға қатысушыларды мұражай экспонаттарымен таныстырды.

 

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру